Бәсекелестік ортада қалай өмір сүруге болады: жамбылдық ұн өнімдері фабрикасының тәжірибесі

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы Байзақ ауданының Қызыл Жұлдыз ауылындағы «ROLA-7» ЖШС тәулігіне 30 тоннаға дейін жоғары сапалы өнім шығаруда.

Біздің елімізде белсенді дамып отырған ұн өнімдері өндірісіндегі қатаң бәсекелестікке қарамастан, жамбылдық отбасылық кәсіпорынның өнімдері жамбылдықтардың да, Қазақстанның көптеген қалалары тұрғындарының да үлкен сұранысына ие болып отыр.

Жеті жылдың ішінде Нұрбаевтардың отбасы отандық бизнестің табысты дамуының үлгісіне айналған тұрақты жұмыс істеп отырған өндіріс құра алды. Бастапқыда ісін 25 қызметкер еңбек еткен цехта «Чабрец» кеспесін шығарудан бастаған «ROLA-7» бүгінде қандай да бір химиялық қоспаларсыз, оған қоса, жүзпайыздық қазақстандық үлесі бар табиғи ұн өнімдерінің 40-қа дейін түрлерін шығарып отыр.

Кәсіпорын басшысы Тұрсымбек Нұрбаевтың атап өтуінше, бұл жылдары жұмыскерлердің штаттық саны 155 адамға дейін өскен.

Кәсіпорын тәулік бойы екі ауысымдық режимде жұмыс істеп жатыр, қызметкерлер үшін 3 рет тамақтану ұйымдастырылған, толық әлеуметтік пакет бар.

2013 жылдан бастап кәсіпорында тәулігіне тез дайындалатын «Арай» кеспесінің 15 тоннасы және 10 тоннаға дейін макарон өнімдерін шығаратын екі цех, сондай-ақ диірмен, көлік, бөлшектеп өлшеу цехтары, қазандық, сауда бөлімі жұмыс істеп жатыр. Өз диірмені тәулігіне Ақмола облысынан алынатын жоғары сапалы және тиісті стандарттары бар 50 тоннаға дейін ұн тартады.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Пайыздық мөлшерлемелерді қаржыландыру»» механизмі арқылы несиеге 165,5 млн. теңге алған. Соның ішінде 35 млн. теңге жаңа цехтың құрылысына жіберілсе, 38,5 млн. теңге айналым қаражатын толықтырды, 92 млн. теңге жаңа жабдықтарды сатып алуға жұмсалған. Таяуда кәсіпорында қалпына келтіру жұмыстары аяқталды - қазандық ауыстырылып, жабдықтар жаңартылды, кеспенің жаңа түрін шығару желілері орнатылған.

Байзақ ауданында шығарылып отырған «ROLA-7» ЖШС-нің өнімдері бүгінде Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтау, Атырау, Қызылорда, Семей, Аягөз, Павлодардағы серіктестерге сатылуда. Макарон өнімдері жеке көліктермен Жамбыл облысындағы аудандар мен елді мекендерге жеткізілуде. Болашақта жамбылдық кәсіпорын шығарылып отырған өнім көлемін тағы кеңейтіп, ресейлік нарыққа шығуды жоспарлап отыр. «Бұл ұзақ мерзімге несиелендіріп отырған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысудың арқасында мүмкін болды», - дейді Т.Нұрбаев.

Кәсіпорын республика нарығында сатудың жоғары көрсеткіштері мен өнімдерінің тамаша сапасы үшін көптеген наградалар мен дипломдар алған. 2013 жылы Астанадағы «Кәсіпорынды дағдарысқа қарсы басқару» халықаралық экономикалық форумында ҚР нарығында сатудың жақсы көрсеткіштері және өнімнің тамаша сапасы үшін байзақтық кәсіпорын «Қазақстан көшбасшысы» наградасына ие болды, ал оның басшысы «Қазақстан даңқы» орденіне лайықты деп танылды. 2014 жылы жамбылдық кәсіпорын «Үздік кәсіпкер», «Парыз» наградаларын алды.

Соңғы жаңалықтар