Бәсекелестік агенттігі мұнай өңдеу тізбегін бөлшектеуге тыйым салуды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бәскелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде мұнай өңдеу тізбегін бөлшектеуге тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның мәліметі бойынша, ел астанасы мен облыс орталықтарындағы жанармай құю стансаларының 50%-дан астамы «Petro Retail», «Sinooil, «Гелиос», «Газпромнефть-Қазақстан», «Автогаз Трэйд»-«GazEnergy», «Royal Petrol» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге тиесілі.

Sinooil көлемдерін тікелей өзінің үлестес Petrosun компаниясынан сатып алса, Petro Retail өзінің бұрынғы иесі «ҚазМұнайГаздан» сатып алады.

«Мұнай бағасын және оны ішкі нарыққа жеткізу көлемін мемлекеттік реттеуді енгізуді ұсынамыз. Бұл орталықтандырудың алғашқы кезеңдерінде бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл ретте, мұнай жеткізу жоспарына ірі кен орындарын (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) қосу және ел нарығына мұнай жеткізу бойынша CNPC үлесін ұлғайту мәселесін қарау ұсынылады», - деді агенттік басшысы.

Оның пайымынша, тәуелсіз компаниялар өндіретін мұнайды биржада өткізу және жанармай саудасын ұлғайту мүмкіндігін қарастыру қажет.

«Бұл тәуелсіз компаниялардың дамуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылардың мұнай өңдеуші зауыттарға тікелей немесе үлестес мұнай берушілер арқылы мұнай жеткізуге қатысу мүмкіндігін қарау ұсынылады.

Баға теңгерімсіздіктерінің тәуекелін төмендету үшін мұнайды қайта өңдеуге жеткізудің ең аз көлемін 100 мың тонна деп белгілеу арқылы мұнай берушілерді ірілендіру мәселесін қарау ұсынылады.

Бұдан басқа, нарықтың қолданыстағы құрылымынан қайталама көтерме жеткізуші тұлғасындағы артық делдалдық буынды алып тастауды ұсынамыз.

Мұнау өңдеуші зауыттардағы бірыңғай технологиялық тізбекті сот негізінде немесе шарттық тәртіпте қалпына келтіру, оларды бөлшектеуге тыйым салу маңызды мәселе болып табылады. Сондай-ақ пилоттық режимде мұнай өңдеуші зауыттардың мұнайын жер қойнауын пайдаланушылардан кезең-кезеңімен сатып алуды енгізу ұсынылады», -деді Серік Жұманғарин.


Соңғы жаңалықтар