Бас санитар: Біздің масалар ауру жұқтырмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Біздің масалар ауру жұқтырмайды. Көп болса, аллергия туғызуы мүмкін». Орталық коммункациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласында биыл масалар шабуылы жиілеп кеткені туралы бірнеше сауал қойылған болатын. Бас санитар масамен күрес шаралары биылдан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен жергілікті әкімдіктердің міндетіне берілгенін атады.

«Қала күнінің алдында ғана елордада нөсер жауындар болғаны естеріңізде шығар. Сол жауынның салдарынан масалар ерекше қаптап тұр», - дейді Жандарбек Бекшин.

Ол сондай-ақ, масамен күресте дәрі шашумен шектелмей, жаңа тәсілдер іздеу қажеттігін де атады.

«Бір айта кететін дүние, біздің масалар ауру жұқтырмайды. Көп болса, аллергия туғызуы мүмкін. Ал тропикалық елдерде безбектер мен қызбалардың көбі осы масалардан жұғып жатады. Сондықтан шетелге барған кезде орналасқан үйіңіздің терезесінде шыбын-шіркейге қарсы тор құрылғанына көз жеткізу қажет. Сыртқа шыққан кезде ашық түсті киім киген дұрыс. Ондай киімнен денеге қандай жәндік қонғанын бірден аңғаруға болады», - дейді Жандарбек Бекшин.

Бас санитар биыл Қазақстанда кене қаупі жаз бойы сақталатынын да айтты.

«Биыл ел аумағында кенелердің белсенділігі жаз бойы сақталатын түрі бар. Жылда кенелер көктемнің соңғы айы мен жаздың бірінші айында ғана таралатын. Биыл жаз жаңбырлы болып тұр. Бұл олардың таралуына өте қолайлы. Сондықтан, биыл жаз бойы кене қаупі сақталады», - деді ол.

Еске салсақ, Жандарбек Бекшин әлемдегі қауіпті әрі жұқпалы ауруларға бейім елдерді атаған болатын.

Оның айтуынша, шетелге саяхат кезінде теңіз тағамдарын байқап тұтыну қажет.

Соңғы жаңалықтар