Бас редакторлар клубы электоралды науқанды жариялау кезінде этикалық нормаларды ұстану туралы Хартияны қолдауға шақырады (ФОТО)

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін бас редакторлар клубы Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті тыс сайлау бойынша электоралды науқанды жариялау кезінде этикалық нормаларды ұстану туралы Хартияны қабылдап, БАҚ бойынша барлық әріптестерін аталған құжатты қолдауға шақырды.

Хартияны қабылдау рәсімі Астана қаласындағы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдерінің кездесуі барысында өтті.

«Клубтың бастамасымен әзірленген Хартия көптеген БАҚ редакцияларында талқылану үстінде. Қазірдің өзінде оны республикалық БАҚ басылымдарының 10-ға жуық редакциясы талқылаған. Осылайша, аталған Хартияға 350-ге жуық әріптесіміз қол қойды. Мен бұл саяси маңызды кезеңде жауапкершілікті сезініп отырған барлық әріптестеріміз қосылып, оған қол қояды деп ойлаймын», - деді Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай.

Б.Жексенбай бұдан басқа, Хартияның мақсаты - біздің әріптестеріміздің халықаралық стандарттарға сай этикалық нормаларды сақтауы - «қара пиар» ұстану мен рейтингтерді қуалаудан алшақ болу, күмәнды ақпаратты таратпау болып табылатынын түсіндірді.

Бұл Хартия өзара ынтымақтаса жұмыс істеп отырған барлық тараптардың арасында өзара сыйластықты, сондай-ақ мүдделерді есепке алу, жоғары саяси мәдениет, сенімді әрі толық ақпарат жүйесін құруды көздейді. Осындай талаппен журналистер сайлаудың әділ және ашық өтуін қамтамасыз етуге, барлық кандидаттарға БАҚ-қа тең құқылы қолжетімділік берілуіне септігін тигізе алады. Қабылданған құжат ҚР Конституциясы, ҚР сайлау, БАҚ туралы заңнамасының негізінде құрылған.

«Аталған Хартия - қандай да бір цензураның енгізілуі емес және ол журналистердің жұмысына шектеу қоймайды. «ҚазАқпарат» ХАА ұжымы бұл құжатпен танысып өткен соң, оған толығымен қол қойды. Қазақстанның барлық журналистерін Хартияға қол қоюға шақырамын, бұл бүкіл әлемге біздің бірлескен күш-жігерімізді - қазақстандық журналистердің ел игілігі үшін жұмыла еңбек ететіндігін көрсетеді», - деп атап өтті «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігінің бас директоры Дәурен Дияров.

Клуб отырысына «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігінің бас директоры Дәурен Дияров, «Егемен Қазақстан» РГ АҚ-ның президенті Сауытбек Абдрахманов, «Қазақстан» РТРК басқармасының төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, «Казахстанская правда» АҚ басқармасының төрағасы Александр Тараков және басқа да бірқатар БАҚ басшылары қатысып, қабылданып отырған құжаттың маңыздылығы мен өздерінің ұжымдарының аталған бастаманы қолдайтынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар