Бас прокурор заңсыз сотталған екі адамның ақталуына бастамашы болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуроры  Қайрат Қожамжаров заңсыз сотталған Д. Мырзақұлов пен Р. Габдрауфоваға қатысты қылмыстық істерді тоқтату жөнінде ҚР Жоғарғы сотының алдында бастамашылық жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Д.Мырзақұловты 2015 жылы Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты ірі мөлшерде ұрлық жасағаны, сондай-ақ  ұрлық жасауға оқталғаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған.

Бас прокуратура қылмыстық іс материалдарын зерделеудің нәтижесінде дәлелдемелердің ойдан құрастырылғанын, ал кінәнің дәлелденбегенін анықтады.

ҚР Жоғарғы соты  2018 жылғы 16 қазанда Бас прокурордың уәждерімен толығымен келісіп, Д.Мырзақұловты кінәсіз деп тапты.

Аталған азамат колонияда 3 жыл 2 ай 20 күн заңсыз өткізді.

Сонымен қатар, Тараз қалалық соты 2016 жылы Р.Габдрауфованы жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалғаны үшін 1 жылға бас бостандығын шектеп,1 жыл 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды.

ҚР ҚК-нің 347-бабына сай, жол апаты болған жерден кетіп қалғаны үшін қылмыстық жауаптылық ауыр салдарға әкеп соққан жағдайда ғана туындайды.

Бұл жағдайда жәбірленуші ауырлығы орташа дене жарақаттарын алған.

ҚР Жоғарғы сот Бас прокурордың наразылығын қанағаттандырып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан Р.Габдрауфоваға қатысты істі тоқтатты.

Соңғы жаңалықтар