Бас прокурор ұрланған қаржыны қайтарудың тиімді меxанизмін ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақып Асановтың айтуынша, Қазақстанда қыруар қаржы ұрлап, шетелде бой тасалап жүрген алаяқтар мен ұрыларды сол мемлекеттер де жақсы біледі. Құқық қорғау органдарының оларды іздеп жатқанын, өз елінде қыруар қаржы ұрлағанын - барлығын түсінеді. Ондай мемлкеттер ішкі тергеулерін де жүргізеді. Өкінішке қарай, ол шаралар нақты нәтиже бермей жатады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Шынымды айтсам, кей кезде сол мемлекеттер бізден ақша ұрлаған қылмыскерлерді қуана-қуана қарсы алады-ау деген ой жылт ете қалады. Енді, қылмыскерлер шетелге құр алақан бара жатқан жоқ қой", - деді Ж.Асанов бүгін "Ұрланған активтерді шетелден қайтару және ұлттық қаржылық жүйесін дамыту" тақырыбындағы "дөңгелек үстел" отырысында.

Бас прокурордың айтуынша, бүгінде қаржы саласындағы қылмыстарды анықтау мен тергеу бойынша тәжірибе де, теxникалық мүмкіндіктер де жеткілікті. Әрбір елдің қаржы жымқыруға қарсы өзіндік жүйесі қалыптасқан. Алайда екі жақты байланыс болмағаннан кейін біреуі ілгері, біреуі кейін жүреді.

"Бір ретте, менің әріптесім - Израиль бас прокурорының орынбасары Шафер мырза өз елінің тәжірибесімен бөлісіп, ақпарат алмасу орталықтары мен сол жерде істейтін арнайы мамандар жайында айтып берген. Осының арқасында Израиль елінде ұрланған қаржыны қайтару деңгейі үш есеге өскен. 2011 жылы бюджетке қайтарылған қаржының көлемі 100 млн. доллар болса, былтыр аталған көрсеткіш 300 млн. долларға дейін ұлғайған. Меніңше, велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Израильдің тәжірибесін қолға алсақ, біраз шаруаны тындырып тастауға болады. Олар тәжірибе алмасуға дайын", - дейді Ж.Асанов.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы қозғалған қылмыстық істер бойынша ел бюджетіне 245 млрд. теңгеге шығын келді. Ол ақшаның тек 67 млрд. теңгесі, яғни 27 пайызы қайтарылды. Жалпы, соңғы он жылдың ішінде Қазақстаннан 10 млрд. теңгеден астам қаржы шетелге заңсыз жолмен шығарылды.

"Демек, біздің басты қателігіміз неде? Біз бар күш-жігерімізді бюрократияға жұмсап жатамыз. Қағаздарды ақтарып, құжаттарды тіркейміз. Жүгіріп барып, қылмыскерді ұстап, ақшаны бұғаттаудың орнына өнбейтін жұмыспен айналысып отырамыз. Сондықтан бізге шетелдің тәжірибесін ескере отырып, параллельді қаржылық тергеулердің жүйесін енгізу керек. Ондай жүйе нені көздейді? Әрбір қылмыстың астарында пайда табудың әрекеті жатыр. Сол себепті шетелде алдымен ақшаны тәркілейді. Біз болсақ, керісінше, қылмыстық іспен айналысамыз деп, ақшаның шетелге қалай кеткенін білмей қаламыз. Осыған байланысты шетелде әрбір қаржылық қылмыс бойынша тергеу амалдары екі бірдей бағытта жүргізіледі. Ол - қаржылық қылмысты әшкерелеу және ұрланған ақшаны қайтару. Ал ақшасы жоқ қылмыскердің ештеңе істей алмайтыны белгілі", - деп атап көрсетті Ж.Асанов.

Соңғы жаңалықтар