Бас прокурор Михаил Козачков ісін барынша объективті тергеуді тапсырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев танымал журналист Михаил Козачков ісін тергеу жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жандос Өмірәлиев Бас прокурордың тапсырмасы бойынша жекелеген қоғамдық ұйымдар мен адвокаттар жіберген бүкіл өтініштер мен дәлелдер қаралатынын айтты.

«Қаржы мониторингі агенттігі де жеткілікті ақпарат берді және біз де баспасөз релизін тараттық. Бұған қоса, Президент тапсырмасымен Бас прокурор іс жүргізу прокурорының тобына жекелеген қоғамдық ұйымдар мен адвокаттар жіберген барлық өтініштер мен айғақтарды толық көлемде қарауды тапсырды. Бұл топ қазір осы мәселелермен айналысып жатыр», - деді Бас прокурор орынбасары Мәжілістің кулуарында.

Бұған дейін хабарланғандай, 18 желтоқсан күні Қаржы мониторингі агенттігі Михаил Козачковты ұйымдасқан қылмыстық топқа көмек көрсетті деген күдікпен ұстады.

«Сол күні оның үйінде жұбайының қатысуымен тінту жүргізілді. Сот санкциясымен бұл тінту куәгерлердің қатысуымен өтті, барлық процесс видеоға түсірілді. Қазір бұл істі Алматы қаласының прокуратурасы қадағалап отыр, сондай-ақ арнайы прокурорлар тобы Бас прокурордың осы мән-жайларды барынша объективті түрде зерттеу туралы нақты тапсырмасын алды және қысқа мерзімде, мүмкін ертең брифингте Бас прокуратура тарапынан қабылданған шешімдер айтылады», - деп толықтырды Жандос Өміралиев.

Айта кетейік, кеше Алматының тергеу соты журналист Михаил Козачковты екі айға қамау туралы шешім шығарды.


Соңғы жаңалықтар