Бас прокурор: Құқық қорғау органдары «ескі аурудан» арылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құқыққорғау органдарын цифрландыру саладағы қателіктерге жол бермейтін болады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас прокурор палата депутаттары алдында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады. 

«Бізде құқық қорғау органдарында баяғыдан келе жатқан ескі ауруымыз бар. Өзімізді қылмыстық істің қожайыны деп санаймыз. Сосын, қылмысқа тартылып жатқан адамның тағдыры өз қолымызда деп кеудемізді ұрамыз. Шынын айтқанда, бұл Кеңес Одағынан келе жатқан көзқарас, қанымызға сіңген әдет. Ал енді осы ауруды қалай емдеу керек? Бұл тұрғыда осының шешімін Елбасы өзінің Жолдауында бізге атап көрсеткен болатын», - деді Жақып Асанов.

Осы орайда қылмыстық процесті цифрлық форматқа ауыстыру көзделген.

«Біз бұл бағытта тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Елбасы тапсырмасымен біраз ІТ-мамандарын прокуратураға алдық. Бюджеттен қосымша қаржы сұрап жатқан жоқпыз. Бірқатар ІТ-бағдарламаларды жасадық, қазір алты облыста қанатқақты жоба іске асырылуда. Соның аясында 200-дей санкция соттардан тікелей электрондық форматта алынады. Бұрын тергеуші прокурор мен соттың арасында 3-4 күн сандалып жүрсе, қазір өз кабинетінде екі сағаттың ішінде алады», - деді ол.

Ж. Асановтың сөзіне қарағанда, цифрландыру нәтижесінде барлық процесс прокурор, сот үшін айқын көрініп тұрады. Егер тергеуші тарапынан қателік орын алса, олар оны дереу жоюға міндетті болады.

Соңғы жаңалықтар