Бас прокурор бизнеске заңсыз тексерулер тағайындаған меморгандарды атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда заңсыз тексерулер айтарлықтай азайды. Бұл туралы «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» атты бизнесті қорғау жөніндені ІІІ форумда ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бас прокуратура «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, екі жол картасын іске асырды және негізгі бағыттар бойынша 200-ге жуық шара өткізді. Бизнес субъектілерін тексерулердің жүйелі түрде қысқаруы әкімшілік қысымның азайғанын көрсетеді. Бұған көбінесе жоспарлы тексерулерден бас тарту және кәсіпкерлердің қызметіне түрлі талаптарды 60 пайызға азайту арқылы қол жеткізілді», - деп тоқталды Қ. Қожамжаров.

Сонымен қатар ол заңсыз тексерулер бір жарым есеге азайғанын атап өтті. Негізінен ондай тексерулерді ТЖ, қоғамдық денсаулықты қорғау, сәулеттік қадағалау, еңбек және жер инспекциясы органдары тағайындап келді. Осы орайда заңсыз араласу жағдайларының алдын алу үшін прокуратура органдары тексерулердің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін, яғни Тексеру субъектілері мен объектілердің бірыңғай тізілімін іске қосты. Бұл өз кезегінде тәуекелдерді бағалау арқылы заңсыз тексерулердің тағайындалуын болдырмайды және бақылау нысанын адамның қатысуынсыз дербес айқындайды.

«Репрессивтігін азайту мен кәсіпкерлерді қылмыстық процеске негізсіз тартуға жол бермеу мақсатында экономикалық қылмыстарды ізгілендірудің екі кезеңі жүргізілді. 23-бап бойынша қылмыстық жазалардың мөлшері азайтылды, олардың балама түрлері енгізілді. Бизнес субъектілерін сотқа дейін қамауға алуға тыйым салу белгіленді және залалды өтеген кезде оларды қылмыстық жауаптылықтан босату қарастырылған. Нәтижесінде, экономикалық қылмыстар бойынша тергеп-тексерілген істер бес есеге азайды. Егер 2015 жылы 8 957 қылмыстық іс болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1 744-ті құрады», - деді Бас прокурор.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бас прокуратура экономика саласындағы құқық бұзушылықтарды одан ары қарай ізгілендіру тұрғысында түзетулердің жаңа блогын әзірледі.

Форумды Бас прокуратура мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Шараға Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар