Бас прокурор балаларды зорлау мәселесі бойынша үндеу жариялады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін балаларды зорлау мәселесіне арналған жиында Бас прокурор Жақып Асанов ел xалқына арнайы үндеу жолдады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Көп жағдайда қылмыскерлердің арам ниетін жүзеге асыруға негізгі себеп - ересектердің мұқиятсыздығы. Санасы толық бекімеген, әр нәрсеге сенгіш, көнгіш жас бала сырттан келер қауіпті қайдан білсін? Сондықтан қараусыз қалған бүлдіршін - қылмыскерге оңай олжа.

Балаларымыздың дені сау, өмірі қауіпсіз болсын десек, біріншіден, әрбір ата-ана сақ болуы қажет. Үйде, аулада, мектепте, демалыс орындарында, жалпы қай жерде болмасын баланы үнемі бақылауда ұстаңыз.

Екіншіден, жеткіншектер қорлықты көбінесе танысы, тіпті жақыны, әкесі, ағасы сияқты адамдардан көреді. Балаға тиісу, алдау, күштеу әрекетін көрсеңіз, дереу 102-ге хабарласып, шара қолданыңыз.

Үшіншіден, кейде болған істі айтпаймыз, жасырамыз, ұят болады дейміз. Бұл дұрыс емес. Онымен қылмыстың жасырын, созылмалы түрге айналуына көмектесеміз. Сондықтан балаңыздың намысы аяққа тапталса, үнсіз қалмаңыз. Бірден құқық қорғау органына хабарлаңыз.

Төртіншіден, баланың араласып жүрген ортасы қандай, қай жерлерге жиі барады, интернетте кіммен дос, қандай сайттарда отыратынын байқап жүріңіз. Баламен жиі, ашық әңгімелесу - оны азғындардан қорғаудың ең тиімді амалы.

Бесіншіден, қауіпті жағдайда не істеу керектігін балаға түсіндіріп үйреткен жөн. Ондай ақпаратты интернеттен және жақын арада іске қосылатын «Прокурордың 100 кеңесі» деген мобильдік қосымшадан алуға болады.

Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін тек мемлекеттің шаралары жеткіліксіз. Оған әрқайсысымыз жеке және бүкіл қоғам болып қарсы тұрайық!", - деді Ж.Асанов.

Бас прокурордың айтуынша, бүгінде елімізде жыныстық қылмыс жасағандарға қатысты 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Олардың жазасы жеңілдетілмейді. Сотталғандар уақытынан бұрын босатылмайды, амнистияға жатпайды, олармен ешқандай процестік келісім жасалмайды. Жаза мерзімін толық өтейді. Мұндай қылмыскерлер балалармен жұмыс жасау құқығынан өмір бойына айырылады. Бұдан бөлек, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап химиялық кастрация қолданылмақ. Бұл дегеніміз қылмыскерлерді арнайы дәрі-дәрмектерді қабылдауға мәжбүрлейді. Сондай-ақ құқықтық статистика комитетінің infopublic.pravstat.kz сайтында педофилдердің картасы іске қосылды. Онда олардың фотосуреті мен анкетасы бар. Бұл сервисті кез келген адам еркін пайдалана алады.

Соңғы жаңалықтар