Бас прокуратура заңсыз митингілерден бас тартуға шақырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев рұқсат етілмеген акцияларға шақырғаны, ұйымдастырғаны, қатысқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік желілерде 9 және 10 маусымда рұқсат етілмеген митингілерді ұйымдастыруға және оларға қатысуға шақырулар таратылуда», делінген ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев «Прокуратура туралы» заңның 31-бабына сәйкес жасаған үндеуінде.

Ол қоғамдық тәртіпті, тұрғындардың өмірі мен денсаулықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заңның нормаларына назар аударды.

«Митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының заңымен реттеледі.

Мұндай жария іс-шаралар жергілікті атқарушы органдарды алдын ала хабардар етумен олардан рұқсат алу арқылы арнайы белгіленген орындарда, тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін жағдайларды болдырмау шараларын қолдана отырып жүргізілуі тиіс.

Рұқсат етілмеген акцияларға шақырғаны, ұйымдастырғаны, қатысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауаптылық туындайды», делінген хабарламада.

Оның айтуынша, бұл әрекеттер елеулі залал келтірсе, онда кінәлілер Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жауаптылыққа тартылады.

«Бас прокуратура азаматтарды тағы да заңды мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады», делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар