Бас прокуратура Серік Күдебаевтың қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінгенін растады
2022 жылғы 13 мамыр 21:16

Бас прокуратура Серік Күдебаевтың қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінгенін растады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасы Алматы облысының полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінгенін растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, ол қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Бірқатар БАҚ оның ісіне қатысты сауал жолдаған болатын. Жарияланып жатқан ақпараттар сол сауалдың жауабына негізделген», - деді Бас прокуратура өкілі.

Айта кетейік, 25 сәуірде бірқатар БАҚ-та генерал-майор Серік Күдебаевтың ҚР Ішкі істер органдарынан кеткені туралы ақпарат тарап, Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі ол мәліметті растаған болатын.

Бас прокуратураның мәліметі бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысында 16 адам мерт болған.

Бұған дейін де ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар оқиғасы кезінде күдікке ілінген күш құрылымдарының басшылары туралы мәлімет берген еді.

«Арнайы прокурорлар күш құрылымдарының жекелеген басшыларына қатысты тергеуді жалғастырып жатыр. 5 қаңтарда Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында 2 полиция департаменті мен 3 Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің басшылары өз ғимараттарын, қаруымен қалдырғаны белгілі. Олардың бәрі күдікті деп танылды. Осы фактілер бойынша қызмет бабындағы әрекетсіздік жөнінде 9 қылмыстық іс қозғалды», - деген болатын.


Jańalyqtar

MURAǴAT