Бас прокуратура міндетті вакцинациялауға қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде вакцинацияны міндетті түрде енгізу тықырыбы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, заң жобасына көп күш салынды, біраз шаруалар жасалды, қоғамға қажетті біраз нәрселер қарайластырылды. Бірақ, 89 баптың көлемінде қоғам дүргіліп жатқанын жасырмаймыз. Мен сайлаушылардың аманатын жеткізе отырып, осы 89 бапқа қарсы шығатынымды жеткізгім келеді. Жұмсақ күш, иландыра түсіндіру әдісімен көндірудің орнына, бас көз жоқ «міндетті» деп, заңға қондырып, тізеге салудың қандай реті бар? Жалпы, осы вакцинаға қарсы емеспін. Балаларыма салдырамын, өзім де кезінде вакцина алғанмын. Бірақ, көзі ашық есі дұрыс адамға түсіндірсе, түсінетін нәрсе ғой. Неге біз заңмен міндеттейміз? Бас прокуратурадан сұрайтыным, бас тартқан адам іс жүзінде заң бұзушы болып шыға келе ме? Конституцияның 29 бабында бар ғой, соған бұл қайшы келмей ме? Әр адам өзінің денсаулығын қорғауға құқығы бар. Маған түсіндіріңіздерші? Неге біз міндеттеуіміз керек?!», - деп сұрады депутат Бекболат Тілеухан.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вакцинацияны міндетті түрде енгізу қадамы инфекциялық аурулар бойынша басқа азаматтардың денсаулығын сақтауға негізделгенін айтты.

«Себебі қазіргі күнде осы ата-аналардың екпеден бас тартуының салдарынан жалпы елімізде бұрыннан ұмытылған инфекциялық аурулар қайтып келіп жатыр. Бірақ одан тек қана сол балалар емес, басқа да көптеген медициналық ауруларға шалдыққан балалар сырқаттануда. Сонымен, көп мемлекетте кейбір вакциналар міндетті түрде салынады. Атап айтқанда, басқа азаматтардың денсаулығын сақтау - ол Үкіметтің міндеті» - деді министр.

Сонымен қатар бұл мәселеге қатысты Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов та түсінік берді.

«Бекболат Қанайұлы, біздің Конституциямыз екі баптан тұрады, жалпы бап пен арнайы бап. Біздің құндылықтарымыз адам, адамның өмірі, адамның денсаулығы деп біздің негізгі заңымызда көрсетілген. Сондықтан, Конституцияның жалпы бөлімі арнайы бөлімнен бір саты жоғары тұрады. Егер адамның өміріне, денсаулығына қауіп төнсе, біздің Конституция сол жерде заңмен шектеу жасауға толық мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда Конституцияға қайшы емес. Өйткені, адамның өмірі ең құнды деп есептеледі. Біздің сараптамамыз бойынша Конституцияға бұл нормалар қайшы келмейді», - деді М. Ахметжанов.

Айта кетейік, аталған заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Зәуреш Аманжолова инфекциялық ауруларға қарсы вакцинация жүргізудің міндеттілігі бойынша норма қолдау тапқанын жеткізді.

«Бұл ретте екпелер міндетті және ерікті болып айқындалды. Сонымен қатар, вакцинаның сапасына қатаң бақылау нормасы енгізілді. Кез келген уақытта тексеруге мүмкіндік беріліп, тексерулердің арнайы тізіміне енгізілді. Өндірушіден бастап медицина қызметкерлеріне дейінгі барлық кезеңдерде жауапкершілік айтарлықтай күшейтіледі», - деді З. Аманжолова.


Соңғы жаңалықтар