Бас прокуратура менингитке қатысты тараған ақпараттарды тексеріп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы WhatsApp мессенджері арқылы менингитке қатысты тарап жатқан хабарларды тексеріп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бас прокуратура тергеу шараларын бастады. Егер де заңнаманы бұзу фактілері анықталса, оның ішінде ақпараттық хабарламалар бойынша заңсыздықтар болса, онда бұл адамдар жауапқа тартылуы тиіс деп ойлаймын. Себебі халық арасында дүрбелең тудырмас үшін, тиісті шаралар қабылдау керек», - деді министр.

Ведомство басшысы осы орайда ресми ақпарат көздеріне назар аударуға шақырды.

«Денсаулық сақтау министрлігі барлық қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр, сәйкесінше тиісті ақпараттарды ұсынды. Дүрлігуге ешқандай негіз жоқ», - деп түйді Елжан Біртанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл басынан бері Қазақстанда менингит инфекциясын жұқтырған 58 науқас тіркелді. Олардың 18-і 14 жасқа дейінгі балалар. Биылдан бастап аталған дерттен 12 адам көз жұмды.

Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингитке қарсы вакциналау жұмыстарының неге жүргізілмейтінін түсіндірді.

Министр менингитке шалдыққан жағдайда өздігінен ем қолданбауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар