Бас прокуратура: Қызметкерлердің вакцинация көрсеткішін тексеру - Кәсіпкерлік кодекске қайшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет азаматтарды міндетті вакциналауға тарта алады. Бірақ ол талаптың орындамалғаны үшін жұмыс берушілерге айыппұл сала алмайды. Бас прокуратураның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының сауалына берген жауабын қысқаша осылай сипаттауға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апта басында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Бас прокуратураға міндетті вакцинация талаптарын орындау бойынша кәсіпорындарға тексеру жүргізудің заңдылғы туралы сауал жолдаған болатын.

Бас прокуратураның интернетке тараған жауабында бұл мәселеге байланысты бірнеше маңызды пайымдар айтылған.

Санитар дәрігердің қаулысы – заң емес

«Конституцияның 39-бабы бойынша адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау үшін қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін» - деп жазылға Бас прокуратураның жауабында.

Міндетті вакцинация заңда қарастырылған

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабы 1-тармағының 18) тармақшасы бойынша азаматтар емделуге және басқа да медициналық шараларға, оның ішінде профилактикалық екпе жүргізуге ақпараттандыра отырып келісім беруге немесе бас тартуға құқылы», - делінген Бас прокуратура түсіндірмесінде.

Дегенмен аталмыш кодекстегі 85-баптың 2-тармағы бойынша профилактикалық екпелер міндетті және ерікті болып бөлінеді. Міндетті профилактикалық екпелерге жоспарлы профилактикалық және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша салынатын екпелер жатады. Коронавирусқа қарсы вакцина осы екінші эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша салынып отыр.

«Ел аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелерді алуға міндетті. Міндетті профилактикалық екпе жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу тәртібін, мерзімдерін және екпе алуға міндетті топтарды Үкімет айқындайды. Коронавирус инфекциясы сол тізімге енгізілген. Осылайша, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ жеке тұлғалар профилактикалық екпе алуы керек», - деп түсіндіреді Бас прокуратура. Яғни, Кодекс екпеге ерікті түрде келісім беруге және эпидкөрсеткіштер бойынша міндетті вакциналауға жол береді.

Компания қызметкерлерінің екпе алу көрсеткішін тексеру Кәсіпкерлік кодекске қайшы

Бас прокуратура Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша, компаниялар өзіне заңды негізде берілген санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлерінің актілерін орындамағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін екенін растайды. Бірақ санитарлық эпидемиологиялық қызмет жұмыс берушілерге нақты тексеру қорытындысы бойынша ғана айыппұл сала алады.

Ал Кәсіпкерлік кодекстің 143-бабының 3-тармағы бойынша компанияларды арнайы барып бақылау және қадағалау тексеру парағында бекітілген талаптар бойынша ғана жүргізілуі керек. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқаты саласындағы тексеру парақтарында «екпе болуы керек» деген талап жоқ.

«Осыған байланысты аталған мәселе бойынша тексерулер тағайындалмайды, құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркелмейді, ал жұмыс берушілер Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылмайды. Сондай-ақ, ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқаты саласындағы заңнама талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік жаза қолдануға негіз жоқ. Өйткені бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы нормативтік құқықтық акт болып табылмайды және заңнамалық құжатқа жатпайды», - деп жазылған құзырлы органның түсіндірмесінде.


Соңғы жаңалықтар