Бас прокуратура Қылмыстық кодекске тың нормаларды енгізуді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас прокуратура Қылмыстық кодекске тың нормаларды енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР ҚК 425-бапқа («Тізімдеме жасалған немесе тыйым салынған не тәркiлеуге жататын мүлiкке қатысты заңсыз әрекеттер») квалификациялық тармақтар енгізіледі. Кейде қылмыстық сөз байласу арқылы уақытша сақтау қоймаларынан тәркіленген, құны тіпті миллиард теңгеге дейін жететін мүліктер жоғалып жатады. Алайда, бұл қылмыс үшін ең жоғарғы санкция - бар болғаны 2 жылға бас бостандығынан айыру. Ал ҚР ҚК-нің 189-бабы («Ірі көлемде немесе бір топ адаммен бірге бөтеннің мүлкін шығындау») бойынша айыпталғандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Осы айырмашылықтарды реттеп, сәйкестендіру керек», - деді Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасының тұжырымдамасын талқылауға арналған криминологиялық форумда Бас прокуратура нормошығармашылық басқармасының бастығы Алмас Мұхаметжанов.

Оның айтуына қарағанда, азаматтарды құқық қорғау органдарының репрессиясынан қорғау бағытында келесі өзгерістер ұсынылады.

«Алдағы уақытта қылмысқа қатысы жоқ үшінші адамның мүлкін тәркілемеу ұсынылады. Бұл норма - қылмыстан мүлде хабары жоқ, бірақ мүлкі қылмысқа қатысты қолданылған адал ниетті азаматтарды құтқарады. Мәселен, Қостанай облысында сот ұрланған бидай тиелген ауыр жүк көлігін тәркілеу туралы шешім шығарды. Ал ол ауыр жүк көлігінің иесі өз көлігін ақша табу үшін тек жалға беріп отырған. Ал енді әлгі қылмысқа қатысы жоқ адам ақша табу мүмкіндігінен айырылып отыр. Осындай мысалдар басқа да облыстарда баршылық», - дейді Алмас Мұхаметжанов.

Еске сала кетсек, аталмыш форумда ҚР Бас прокуратурасы заңсыз аңшылық жасаған браконьерлерге жазаны күшейтуді ұсынған болатын.

Соңғы жаңалықтар