Бас прокуратура Күдебаевтің ісі жөнінде: Барлық мәліметті жария ете алмаймыз

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Қазақстанның сот төрелігінен шетелге қашқан Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевті іздестіруге қатысты барлық мәліметті жария ете алмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күдебаев бойынша мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің маңыздылығын ескере отырып, Бас прокуратура өз қарауына алды. Іздеуге ең мықты қызметкерлер тартылып, іздеу жалғасып жатыр. Біз Қырғызстанға сұрау жібердік, енді іздеу жұмыстарын бірлесіп жүргізетін боламыз», - деді Жандос Өмірәлиев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ Бас прокурордың орынбасары Қырғызстаннан Күдебаевқа қатысты хабар келгенін айтты.

«Біздің қырғыз әріптестеріміздің айтуынша, Күдебаев Манас әуежайы арқылы Ыстанбұлға ұшып кеткен. Олар осындай ақпарат берді. Бізде Түркиямен келісімшарт бар және қазір олармен жұмыс істейміз. Барлық ақпаратты бере алмаймыз, өйткені ол әлі қашып жүр. Яғни барлық деректерді ашып айта алмаймыз, себебі іздеу нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін», - дейді ол.

Еске салайық, Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы С.Күдебаев 3 сәуір күні сағат 10:00-де сотқа жеткізілуі тиіс еді. Алайда, прокурор күдіктіні алып келу туралы қаулыны орындау барысында С.Күдебаевтің елден кетіп қалғаны туралы мәлімет ұсынған.

«Прокуратура Қырғыз Республикасының шекара қызметінен алған ақпаратқа сәйкес, Күдебаев 23 наурыз күні Бішкек қаласындағы Манас халықаралық әуежайынан Түркияның Ыстамбұл қаласына ұшып кеткен. Бұл шекара қызметінің деректер базасымен дәлелденген», - делінген еді Талдықорған қалалық сотының хабарламасында.

Ал Шекара қызметі оның елден қашып кеткенін 27 наурызда білген.

Бас прокуратура Күдебаевтің елден қашу фактісімен қылмыстық іс қозғады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің болжамынша, ол таулы жер арқылы шекара кесіп өтуі мүмкін. Себебі шекараның ресми бекеттерінен өтпеген.
Соңғы жаңалықтар