Бас прокуратура қаңтар оқиғасын тергеу барысына заңсыз араласып жатқандар туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар оқиғасын тергеу барысына қысым көрсетіп жатқандар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта жекелеген адамдар әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы заңсыз талаптар қойып отыр. Олар қабылданған процестік шешімдермен келіспегендіктен, тергеуге қысым көрсету мақсатында қылмыстық істерді тергеу барысына араласып жатыр», - деді Елдос Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайла ол қылмыстық-процестік заңнаманың талаптарына сәйкес, тергеу әрекеттеріне қатысу бойынша адамдардың нақты тізбесіне рұқсат етілгенін еске салды. Олардың қатарында адвокаттар, қорғаушы тараптың заңды өкілдері, жәбірленушілер бар. Бұл адамдардың прокуратураға да, тергеу сотына да тергеу органының іс-әрекеттеріне өтінішхат немесе шағым беруге құқығы бар.

Бұл тұрғыда Қылмыстық-процестік кодексінде процестік шешімдерге шағым жасаудың нақты тәртібі айқындалған.

«Осыған байланысты қылмыстық процеске қатысушылар мен қорғаушыларды Заңның көрсетілген нормаларын қатаң сақтауға шақырамын. Прокуратура органдары барлық қылмыстық істер бойынша қылмыстық-процеске қатысушылардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз етіп отырғанын атап өтемін. Қылмыстық істерді тергеу кезінде құқық қорғау және арнайы органдардың қызметіне араласқаны үшін жауаптылық туралы Бас прокуратура бірнеше рет ескерткенін ерекше айтып өткім келеді. Өзге адамдардың сотқа дейінгі тергеу барысына араласу әрекеті үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық қарастырылған», - деді Бас прокуратураның өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі кезде арнайы прокурорлардың іс жүргізуінде жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 53 және терроризм актілеріне қатысты 32 қылмыстық іс бар .

Мемлекеттік объектілерді өрттеу, мүліктерді жою және терроризм актілері Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жасалғаны белгілі болды.


Фото: ortcom.kz


Соңғы жаңалықтар