Бас прокуратура ғимаратында құқық қорғау қызметтерінің орталығы ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Бас прокуратураның ғимаратында халыққа құқық қорғау қызметтерін көрсететін бірегей орталық ашылды. Жаңа орталықта адвокаттар, медиаторлар, нотариустар, пробация қызметкерлері мен психологтар жұмыс атқаратын болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бас прокуратураның жанынан ашылған орталықтың бүгін тұсакесері болып өтті. Оның жалпы ауданы мың шаршы метрге жуық алаңды қамтып, заманға сай инженерлік-техникалық жабдықтармен, электрондық кезек жүйесімен, «Connection Point» өз-өзіне қызмет көрсету секторымен, сондай-ақ күту залы мен өзге де қажетті кабинеттермен қамтылған.

Аталған орталықта азаматтарға тәжірибелі прокурорлар құқық көмек көрсетеді. Арыз-шағымдарды уақтылы әрі тиімді шешу үшін бұл жұмысқа өзге де заңгерлер тартылады.

Орталықтың кіре берісінен-ақ ұлттық нақышқа баса маңыз беріліп, ғимарат ою-өрнектермен безендірілген. Арызданушы алдымен таңдалып алынған операторлардан ақыл-кеңес ала алады. Сонымен бірге, адамдарға прокуратура басшылығына бейнежазба арқылы өтінішін жеткізе алатын жеке кабинет қарастырылған. Орталықта 4 прокурор қызметкері күн бойы азаматтардан арыз қабылдайды. 2 адвокат отыратын да арнайы кабинет бар. Нотариус қызметі әлеуметтік аз қамтылған адамдарға тегін қызмет көрсетеді. Сотталған жандарға жұмыспен қамтуға көмектесетін пробация кабинеті мен тараптарды татуластыратын медиация кабинеті таңертеңнен кешке дейін ашық. Орталықта сондай-ақ, ұжым арызданған жағдайда ыңғайлы болатын конференция залы да бар.

«Мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарында мәселесі шешілмей келген адамдар біздің орталықта күрмеуі қиын шаруаларына шешім табар деген ойдамыз. Ашуланып, қиналып келген адамдарға психологтар жәрдемдеседі. Ең бастысы, үмітпен келген адам сеніммен шыққанын көздейміз», - дейді Бас прокуратураның жанынан ашылған құқық қорғау қызметтері орталығының басшысы Сағатбек Сүлеймен.

Соңғы жаңалықтар