Бас прокуратура еліміздегі 549 аурухананы АИТВ жұқтыру фактілеріне тексеруді талап етті

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасында үш пациенттің АИТВ инфекциясын жұқтыру фактісі бойынша ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 118-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас прокуратура мәліметінше, оқиғаның бүкіл мән-жайын анықтау бойынша шара қабылданып жатыр.

Қазақстанда соңғы 10 жылда медициналық мекеме жағдайында вирус жұқтыру алғаш рет тіркелді.

«Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу мақсатында Бас прокуратура Денсаулық сақтау министрлігіне стационарлық, амбулаториялық-емханалық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін ведомстволық бағынысты медициналық мекемелерде кешенді тексеру жүргізу туралы талап жіберді» деп мәлімдеді ведомстводан.

Бірінші кезеңде 549 медициналық мекемені тексеру жоспарланып отыр.

Бұл мәселе Бас прокурордың ерекше бақылауында.


Соңғы жаңалықтар