Бас прокуратура: Әлеуметтік желіде жасырын үгіт жұмыстары байқалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желіде белгілі бір кандидатқа жасырын үгіт жұмыстары байқалады. Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Өздеріңіз де білетіндей, сайлау күнінде сайлау алды үгіт-насихатын жүргізуге тыйым салынған. Бұл үшін жеке тұлғаларға 15 АЕК, заңды тұлғаларға 30 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Қазіргі уақытта тыйым салынғанына қарамастан жекелеген азаматтардың әлеуметтік желіде жасырын түрде үгіт жүргізуі байқалады. Азаматтың дауыс беріп, бюллетенін суретке түсіріп жария ету деректері бар. Бұл үгіт саналады", - деді Бас прокурордың орынбасары Орталық сайлау комиссиясындағы брифингте.

Оның айтуынша, байқаушылар отырысы хаттамасының жария етілу дерегі бар. Заңға сәйкес байқаушы хаттамамен тек қана танысуы қажет.

"Бірақ, олар оны БАҚ-та және әлеуметтік желіде жария етуде. Бұған жол беруге болмайды, бұл да жасырын жарияланым. Ол үшін де айыппұл қарастырылған. Хаттама дауыс беру аяқталғаннан кейін ғана қабырғаға ілінеді.Сағат 20-00-ге дейін хаттаманы жария етуге болмайды. Бұл барлығына, оның ішінде байқаушыларға да қатысты", - деді ол.

Бас прокурордың орынбасары анықталған барлық факті бойынша тексеру жүргізіліп, шара қолданылатындығын айтты.

"Бір адамның Фейсбугінде Қосановқа дауыс беруге шақыру орналастырылған. біз оның парақшасына кімдердің кіргенін тексереміз. Дауыс беру күнінде барлық өтініштер дереу қаралатын болады. Жалпы, дауыс беру тыныш өтіп жатыр, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу жоқ. Жасырын сайлау алды үгіт-насихат жүргізуге жол берілмейтіндігін ескертемін",- деді Болат Дембаев.

Соңғы жаңалықтар