Бас мүфти медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаратқан Жаббар Иеміз ел игілігі мен халық денсаулығын сақтау жолындағы сауапты қызметтеріңіздің жақсылығын еселеп жазсын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы медицина мамандарына осындай тілегін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Медицина – жауабы мен сауабы мол сала. Қасиетті Құранда айтылғандай, бір адамның өмір сүруіне себепші болған пенденің ізгі амалы бүкіл адамды өлімнен құтқарумен тең...

Адамзатты қауіп-қатерден құтқарудың алғы шебінде ақ халатты абзал жандардың жүргенінде талас жоқ. Әсіресе елімізде төтенше жағдай жарияланған сындарлы сәтте медицина қызметкерлері өз өмірлерін қатерге тігіп, отбасынан жырақтап, апта емес, айлап емдеу шараларында белсенділік танытып келеді. Жауапты саланың кейбір мамандары қызмет барысында қауіпті дертті жұқтырып та алды. Өзгелердің өмірі үшін өз басын бәйгеге тігу деген осы болар», - деді Н.Тағанұлы.

Бас мүфти атап өткендей, мол сауапқа кенелу оңай жолмен келмейді.

«Медицина қызметкерлері күні қарсаңында адам жанын сақтау сынды сауапты істе бар күш-жігерін сарп етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға тағы да айрықша алғысымды білдіремін. Алла Тағаладан өмірлеріңізге береке, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Жаратқан Жаббар Иеміз ел игілігі мен халық денсаулығын сақтау жолындағы сауапты қызметтеріңіздің жақсылығын еселеп жазғай. Еліміз осы сынақты да сабырмен еңсеріп, қалыпты өмір тіршілігінде, игі істерде басқосуды жазғай. Әмин!», - деп түйіндеді ҚМДБ төрағасы.

Еске салайық, маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.


Соңғы жаңалықтар