Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлінің отбасына көңіл айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Танымал ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін таңертең Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын 10 жылдан астам уақыт басқарған, дін қайраткері, академик, көрнекті ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жетті. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, барша мұсылман қауымына тағы да көңіл айтамын. Алла алдынан жарылқасын. Иманы саламат болғай. Әмин!», - деді Бас мүфти Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Танымал ғалымның қайтыс болғанын бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Белгілі дінтанушы, шығыстанушы, исламтанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің өмірден озуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Бұл бүкіл қазақ руханиятына ортақ ауыр қайғы. Әбсаттар Бағысбайұлы бүкіл саналы ғұмырын имандылыққа арнап, асыл дініміздің тура жолын халыққа дұрыс жеткізу ісіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Еліміздің Бас мүфтиі лауазымында жүрген уақытта қажы ағамызбен қызмет барысында жолығысып тұрдық. Қай кезде де өзінің кең мінезімен, терең білімімен, парасатты болмысымен руханият биігінен көрініп, еліміздегі ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан жан еді. Әбсаттар қажы ағамыздың зиялы болмысы, еліне сіңірген еңбегі, жазған рухани шығармалары, жамағатты иман жолына шақыруда айтқан ақыл сөздері – ешқашан тозбас рухани қазына болып халқының жадында мәңгілік сақталады. Марқұмның жатқан жерi жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын» деп жазды министр Instagram парақшасында.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Әбсаттар Дербісәлінің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Әбсаттар қажы Бағысбайұлы саналы ғұмырын ғылым жолына, діни ағарту саласына арнаған парасаты биік, пайымы жоғары, ақжарқын азамат болғанын атап өтті. Жеделхатта көрнекті дінтанушының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы қызметін атқарған кезде мүфтият жұмысын жаңа деңгейге көтеруге, елімізде дінаралық татулық пен ұлтаралық келісімнің нығаюына зор үлес қосқаны айтылған.

Әбсаттар Бағысбайұлы 1947 жылы 15 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданында туған. Ол – республикамыздағы жас арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы құлыптастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді. 2003 және 2006 жылдары қыркүйекте Астанада әлемдік және дәстүрлі ұлттық дін лидерлерінің съездерін өткізуге үлес қосты.



Соңғы жаңалықтар