Бас экономист қай мамандықтардың жойылатынын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов цифрландыру аясында қай мамандықтардың жойылатынын болжады. Бүгін xалыққа есеп беру кездесуі кезінде оған осы мәселеге қатысты бір сұрақ түсті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бұл - өте маңызды сұрақ. Оған нақты жауап беру қиын. Дегенмен, бір мәселені ескеру керек. Әлемде әрбір мемлекеттің даму деңгейі әртүрлі. Мәселен, АҚШ, Германия, Жапония сияқты елдерде көптеген өндірістік процестерді автоматтандырса, бізге ондай өзгерістер әлі жеткен жоқ. Демек, Қазақстан, Ресей, Орталық Азия елдерінде жұмыс орындарының жаппай қысқару қаупі төмен. Сондықтан қандай да бір футуристік материалдарды оқығанда оның бәрін елдегі нақты жағдаймен салыстыру қажет-ақ", - деді Т.Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, роботтар адам күшін алмастырса да, адамның жеке қасиеттерін ешбір робот алмастыра алмайды. "Сондықтан креативті ойлау, шаблонсыз идея табу, менеджерлік шешім қабылдау сияқты қарым-қабілеттерді қажет ететін мамандықтар ешқашан жойылмайды. Енді, кейбір инженерлер, қағазбасты жұмыспен отыратын есепшілер мен заңгерлерге сұраныс болмайды дейді. Мысалы, дебит пен кредитті келтіретін есепшілерді машина алмастыра алады деп ойлаймын. Ал қаржылық есепті әзірлейтін буxгалтерлер қалатын шығар. Себебі ондайда кәсіби дайындық қажет. Компьютер оны істей алмайды", - деп атап көрсетті Т.Сүлейменов.

Айта кетейік, бүгінгі кездесу кезінде министр байлыққа салық салу мәселесіне қатысты өз ойын айтты. Оның айтуынша, жақында криптовалюта мәселесі арнайы кеңестің талқылауына шығарылады. 

Соңғы жаңалықтар