Бас бапкер боксшылардың Олимпиададағы сәтсіз жекпе-жегінің себебін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бокс құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Токио Олимпиадасында өнер көрсеткен отандық боксшылардың сәтсіз жекпе-жегіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Боксшылардың дайындығы жеткілікті деңгейде болды, олардың олимпиададағы көрсеткіштеріне қатысты өзіме де сұрақ қойып жатырмын. Спортшылар дайындықтың барлық деңгейінен өтті және өзара сынға да түсті. Олимпиадада боксшыларға психологиялық қысым кері әсерін тигізді деп ойлаймын, десек те барлығы да тәжірибелі спортшылар», - деді Ғ. Кенжебеков ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, еліміздің бас бапкері боксшылар Токио климатына сәйкес келетін көрші Ресейде неге дайындалмады деген сұраққа жуап берді.

«Пандемияға байланысты Владивостокқа барып жаттығудың реті келмеді. Онда Ресейдің құрама командасы жаттығып, бізді де шақырған болатын. Карантиндік шектеулерден бара алмадық. Жалпы Владивостокта шетелден келіп, жаттығу өткізгісі келген ниет білдірушілердің саны көп болды, дегенмен карантинге байланысты оларға тыйым салынды. Біздің боксшылар Алматыдағы «Ақбұлақ» базасында жаттықты. Спортшыларымыз Токиоға 17-сінде барды, араға он күн салып боксшылардың алғашқы жекпе-жегі өтті. Сондықтан да жергілікті климатқа бейімделу үшін уақыт жеткілікті болды», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Токио Олимпиадасы ойындарынан соң спортшылар және оларды жаттықтырушы бапкерлердің қатысуымен кеңейтілген отырыс өтетінін айтты. Онда жіберілген кемшіліктер талқыланбақ.



Соңғы жаңалықтар