«Барыс» жылдың соңғы матчында «Салават Юлаев» командасымен ойнайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрлықтық хоккей лигасында «Барыс» биылғы жылдың соңғы матчын өз айдынында «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс конференцияда уфалықтар 57 ұпаймен төртінші орында тұрса, 42 ұпайы бар «Барыс» сегізінші сатыда келеді.

Юрий Михайлистің шәкірттері бұған дейін сырт айдында үш кездесу өткізіп, Екатеринбургте негізгі қарсыласы «Автомобилисті» 2:0 есебімен жеңді.

Мұнда қақпашы Йони Ортио тамаша ойнап, 32 соққыны қайтарды.

Алайда бұдан кейін елордалықтар жеңісті жолын жалғастыра алмай, «Ак Барс» (3:5) пен «Трактордан» (2:4) ұтылып қалды.

Дегенмен өз айдынында қазақстандықтар «Автомобилисті» буллит сериясында тізе бүктірді (3:2).

«Салават Юлаев» соңғы кезде матчтарының көпшілігін сырт айдында өткізіп келеді. Төрт кездесудің біреуінде уфалықтар «Ак Барстан» 4:2 есебімен басым түсті.

Сосын овертаймда «Куньлунь Ред Стардан» айласын асырды (4:3).

Қалған матчтарда қатты қарсылыққа тап болып, «Сибирьге» (Новосібір) овертаймда және мәскеулік «Спартакка» буллиттер сериясында 2:3 есебімен жол берді.

Уфалықтар биылғы маусымның беташар ойынында 3 қыркүйек күні «Барысты» өз айдынында ірі есеппен (5:1) ұтып кеткен еді.

Айдын иелері соның есесін қайтара ала ма, оны бүгінгі кездесу көрсетеді.

«Барыс» — «Салават Юлаев» матчы елорда уақытымен сағат 19.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» буллит сериясында «Автомобилисті» жеңгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар