«Барыс»-«Металлург» матчы: Елордалық клуб плей-оффтың 1/2 финалына өте ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы плей-офф сатысының ширек финалында Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен шешуші ойын өткізеді. Жеңіске жеткен жағдайда елордалық клуб жартылай финалға жолдама алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы плей-офф сатысында екі команда бұған дейін төрт мәрте кездесті. Оның үшеуінде «Барыс» жеңіске жетсе, біреуінде қарсыласына есе жіберіп қойды. Алдымен елордада «Металлургті» 4:0 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін оларға 0:3 есебімен есе жіберді. Ал Магнитогорскіде «Барыс» алдымен 2:1 есебімен жеңсе, кейін 2:0 есебімен басым түсті. Осылайша, ойындар сериясында «Барыс» 3:1 есебімен алға шықты. Жарыс талабы бойынша турнирдің аталмыш сатысы команданың біреуі төрт жеңіске жеткенге дейін жалғасады. Қажет болған жағдайда қосымша ойындар 11, 13 наурыз күндері өткізіледі.

«Металлург» құрлықтық хоккей лигасында тәжірибелі клубтың бірі саналады. Ресейлік клуб 2013/2014, 2015/2016 жылдарда плей-офф сатысының финалына дейін барып, Гагарин кубогына қол жеткізді.

Екі команда бұған дейін плей-офф сатысында екі мәрте жолықты. 2011/2012 жылғы кезеңде шығыс конференциясында 1/4 финалда ресейлік клуб ойындар сериясында 4:3 есебімен жеңіске жетіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Ал 2016/2017 жылғы кезеңде екі команда шығыс конференциясында жартылай финалда жолығып, ойындар сериясында елордалық команда қарсыласына 0:4 есебімен есе жіберді.

«Барыс-Аренада» өтетін бүгінгі кездесу елорда уақытымен 17.00-де басталады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар