«Барыс» елордада «Салават Юлаевтан» басым түсті

2022 жылғы 4 желтоқсан, 22:00
«Барыс» елордада «Салават Юлаевтан» басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін елордада Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында қос команда тарапынан гол соғатын мүмкіндіктер аз болған жоқ. Алайда алғашқы екі кезеңде небәрі бір ғана шайба соғылды.

Оны 12-минутта ресейлік Александр Кадейкин өзінің еншісіне жазды. Ол әріптесі Павел Коледовтің берген пасын пайдалана білді.

Екінші кезеңде «Барыс» командасы таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Дегенмен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Үшінші кезеңнің аяқ шеніне таман қазақстандық клуб қатарынан екі шайба соғып кетті.

Алдымен 56-минутта Аркадий Шестаков гол соқса, Егор Петухов 59-минутта жеңіс шайбасының авторы атанды.

Осылайша «Барыс» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» «Автомобилистен» жеңіліп қалды.

Ұқсас жаңалықтар
Теги:
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar