Бартоғай су қоймасы мен Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының бүгінгі жағдайы сын көтермейді - Д. Нөкетаева

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Алматы облысындағы Бартоғай су қоймасы мен Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының техникалық жағдайы сын көтермейді. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдап, осы мәселені көтерген депутат Динар Нөкетаева аталған нысандарға бюджеттен қаржы бөлу қажеттігін айтты.

«Алматы облысындағы Шелек пен Шамалған өзендерінің аралығындағы аймаққа игі әсерін тигізіп отырған теңдессіз ірі су шаруашылық кешендері Бартоғай су қоймасы мен Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы бар. Үкіметтің былтырғы қаулысымен бекітілген су шаруашылық желілері мен ғимараттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелеріне сәйкес, 25 жылдан аса уақыт бойы пайдаланылған нысандар техникалық жағдайға қарамастан жыл сайын тексеріліп тұруы тиіс. Алайда, 1982 жылы пайдалануға берілген Бартоғай су қоймасы тек 2003 жылы ғана ішінара, кейбір учаскелері ғана тексерістен өткен. Теңіз деңгейінен 1 мың 70 метр жоғарыда, 9-балға дейін сесмикалық жер сілкінісі болуы ықтимал аймақта орналасқан су қоймасының техникалық жағдайы сын көтермейді. Егер платина бұзылатын болса, онда биіктігі 7-8 метрге жететін су тасқыны 50 мыңнан астам тұрғыны бар елді-мекендерді 2 сағат 40 минут ішінде шайып кетеді»,- дейді Д. Нөкетаева.

Оның айтуынша, аталған нысан республикалық бюджеттік инвестициялық жобалардың тізіміне енгізілген. Алайда, бұл мәселе республикалық бюджет комиссиясы тарапынан қолдау таппай отыр. Нәтижесінде Бартоғай су қоймасын жөндеуге қажетті қаражат 2011 жылға арналған жоспарға да енгізілмей қалды. Депутаттың сөзіне қарағанда, Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының да кезек күттірмей шешуді қажет ететін шаралары жеткілікті екен.

«Канал пайдалануға берілгеннен кейінгі бірнеше жыл қатарынан осы мәселе көтеріліп жатқанына қарамастан, әлі күнге күрделі жөндеу көрмеді», дей келе Д. Нөкетаева, Үкімет басшысынан тиісті қаражат бөлгізуді сұрады.

Соңғы жаңалықтар