+7 (701) 759 90 19
USD 437.20 EUR 475.32
RUB 5.79 CNY 61.94
Jańalyqtar

Барша ел Абай болып тебіреніп, Абай болып жырлап жатыр - Кенжехан Матыжанов

2020 жылғы 27 ақпан 10:46
Бөлісіңіз:
Барша ел Абай болып тебіреніп, Абай болып жырлап жатыр - Кенжехан Матыжанов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжанов Абайдың 175 жылдығына арналған поэзия және музыка кешінен алған әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Республика сарайында өткен кеште ине шаншар орын болмады. Салтанатты шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері қатысты.

Кешке қатысқан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов аталған іс-шараның маңызы мен хакім Абай мұрасының ерекшелігіне тоқталды.

«Менің ойымша, ерекше кеш болды. Өйткені биыл - Абай жылы. Ел болып Абайдың мерейтойын тойлауға кірістік. Барша ел Абай болып тебіреніп, Абай болып жырлап жатыр. Бұл ретте Алматының орны ерекше дер едім. Өйткені еліміздегі барлық зиялы қауым өкілдері, абайтанушылар, Абайдың әндерін, музыкасын орындап жүрген әртістер дерлік осы қалада. Республика сарайында өткен кеште халық ерекше ықыласпен, емірене тыңдап отырды», –деді Кенжехан Матыжанов.

Оның айтуынша, залдың көрерменге толы болғаны хакім Абай мұрасының құндылығын байқатты.

«Бұл кеште бәрі болды. Санамызға сіңген, бұрыннан жатталған дәстүрлі Абайды көрдік. Кемеңгер тұлғаның мол мұрасы құдды бір кешке сыйып кеткендей күй кештік. Абайды жаңаша түсіндірудің, Абайды жаңаша ұғындырудың заманауи үлгісі көрсетілді. Ғажап кештің куәсі болдық», – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры.

Кенжехан Матыжанов сондай-ақ осындай іс-шаралардың арқасында ұлы Абайдың мұрасы заманнан тыс құнды, барлық ұрпақ үшін өзекті әрі түсінікті болатынын атап өтті.

«Абайдың мәңгілік екені сөзсіз. Абай еш уақытта ескірмейді, санамыздан кетпейді. Ол – біздің жүрегімізде, қазақтың санасында тұр. Кешті ұйымдастырған, оның сценарийін жазып, жоғары деңгейде орындап шыққан барлық шығармашылық ұжымға алғыс айту керек. Бұл кешті республиканың барлық үлкен сахналарына шығарсақ та, артық болмайды. Алматыда жасалған бұл дүниені көрсету керек деп ойлаймын. Әлбетте, талғамға талас жоқ. Әркімнің қабылдауы әрқилы. Десе де, бұл кеш басқа кештен өзгерек болды деуге әбден негіз бар», — деді К. Матыжанов.

Сондай-ақ, ол Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясындағы іс-шараларды өткізу жөніндегі алдағы жоспарларымен, Алматы қаласының мәдени астана ретіндегі ерекше рөлі туралы да әңгімеледі.

«ҚР Президенті арнайы мемлекеттік комиссия құрғаны белгілі. Оның жоспары да бекітілген. Республика бойынша осындай ірі шаралар өріс алатыны белгілі. Бірақ қалай болғанда, көпшілігі Алматыға көз тігеді. Кеш Алматының абыройына, беделіне сай келетін кеш болды. Бұдан кейін де осы мәнерде, осы арнада Абайды тойлау, Абайдың бүкіл шығармашылығына, жүрегіне сүңгу, соның арғы жағындағы шын асылды табу, соған үңілу - бұл жас ұрпаққа берілетін үлкен сабақ. Сондықтан Абайдың тойы - тойлау үшін емес, Абайды түсіну үшін, білу үшін, жаңа ұрпаққа жеткізу үшін, Абайды келешекке сол өзінің данышпан қалпында тұғырына қондыру үшін жасалатын дүние», – деді К. Матыжанов.

Айта кетейік, кеше Алматыдағы Республика сарайында Абайдың 175 жылдығына арналған поэзия және музыка кеші өтті .


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Алматы, Мәдениет, Әдебиет, #Аbai175,
Бөлісіңіз:

Автор:

Алма Мұқанова

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT