«Барселонаның» бапкерлері қазақстандық жеткіншектерді өз тәрбиелеріне алмақ

None
None
АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - «Барселона» футбол клубының бапкерлері қазақстандық жеткіншектердің шеберлігін шыңдау үшін елімізге келмек.

Испания біріншілігінде өнер көрсететін әйгілі клубтың өкілдері 9 - 11 жас аралығындағы жеткіншектерімізді елордада арнайы ашылатын «Астана - Барселона» жазғы футбол мектебінде жаттықтыратын болады. Бұл туралы «Назарбаев орталығының» ресми өкілі Оксана Лоскутова мәлім етті.

Осыған орай, каталондық клубтың жаттықтырушыларынан тәлім алғысы келетіндер арасында республикалық іріктеу қолға алынады. Ол сыннан сүрінбеген 80 бала 30 маусым мен 15 шілде аралығында Испаниядағы FCB жаттықтыру лагерлерінің атқарушы директоры Карлес Марторель Бакес жетекшілік ететін мамандардың ақыл-кеңесін тыңдайды. «Барселонаның» бапкерлері 2 апта бойы болашақ футболшыларды әлемдік ойынның қыр-сырымен қанықтырады. Барлық жаттығулар мен ойындар «Астана-Арена» стадионында өтеді.

«Испанияның жоғарғы дивизионында көш бастап тұрған команда бапкерлерінің Қазақстанға келуіне «Назарбаев орталығы» ұйытқы болып отыр. Ерекше атап өтерлігі, шеберлік сабақтары ақысыз болады. Қазір еліміздегі жас футболшылардың қарқыны жоғары. Таяуда ғана олар Президент Кубогы үшін өткен халықаралық турнирде 8 команданың ішінде топ жарды. Ал жастар арасындағы құрама ойыншысы Максим Гладченко «Назарбаев орталығының» арнайы сыйлығына ие болып, «Алтын бутсымен» марапатталды», - дейді Оксана Лоскутова.

Осынау шара Астана қаласының 15 жылдығы қарсаңында қолға алынып отыр.

Соңғы жаңалықтар