Барлық мешіттерде Жамбылдағы жарылыста қаза болғандардың рухына Құран бағышталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін сағат10.00-де бүкіл республика бойынша Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс салдарынан қаза болған адамдардың рухына Құран хатым дұғасы бағышталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаетың 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялауына байланысты еліміздің барлық мешіттерінде Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жарылыс салдарынан қаза болған марқұмдардың рухына Құран хатым дұғасы бағышталды. Нұр-Сұлтан қаласының Әзірет Сұлтан мешітінде өткен дұға бағыштау рәсімі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы онлайн режимде өтті.


«Бүгінгі Жалпыұлттық аза тұту күнінде Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқыс оқиғаға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдегі мешіттердің бәрінде Хатым Құран түсіріп, қаза болған марқұмдардың рухына құран бағыталып жатыр. Хатым Құран деген құранды басынан аяғына дейін оқып шығу. Яғни, Құранда 114 сүре болса, соның бәрін толық оқып шығуды айтады. Кешеден бері еліміздің түкпір-түкпірінде имамдарымыз, дін қызметшілері, ұстаздар, тіпті мешіттердегі жамағаттардың атсалысуымен осы Құран хатым әр өңірде оқылып жатыр. Әзірет Сұлтан мешітіндегі құран бағыштау рәсімінен әлеуметтік желі арқылы тікелей көрсетілім жасадық.


Бұл марқұмдар еліміз үшін, әскери, құтқару қызметінде жүріп, өрттің үстінде қаза тапты. Мұндай қазаны шариғатта «шәйіт» дәрежесінде деп санайды. Өйткені, ол ел қорғау үшін, қоғамның тыныштығын сақтау үшін жандарын пида етті.

Алла осы қаза болған марқұмдардың рухын шаттыққа бөлеп, мейіріміне бөлеп, ақыретте қиямет күні жандарын жәннатта шалқытсын деп тілейміз», - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Ершат қажы Оңғар.

Дін өкілдері дұға кезінде қаза болған азаматтардың артында қалған туыстарына сабыр, жарақат алып ауруханада жатқан жандардың жанына шипа тіледі.


Соңғы жаңалықтар