Барлық дін өкілдері қолдаса да, бізде трансплантация саласы дамымай тұр - Біртанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде трансплантация саласын жолға қоюдағы басты проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде трансплантология - медицина мен хирургиялық сала ретінде дамып келеді. Жалпы, біздің хирургтер трансплантацияның барлық түрлерін меңгерген. Бірақ, трансплантацияның қажеттіліктерін қамтамасыз етпеу мәселесі бар. Бұл - қаржыландыру емес, донорлық материалдың шектеліп қалуына байланысты проблемалар. Бұл жерде әңгіме, әлбетте, ірі донорлық туралы айтылып отыр. Заңнамалық тұрғыда барлық кедергілер жойылған. Бірақ, қоғамда қайтыс болған адамның денесін кесуге туыстары қарсы шығып жатады. Әйтсе де, барлық діни қауымдастықтар бұл тұрғыда бізді қолдайды», - деді Үкіметтің баспасөз орталығындағы баспасөз мәслихатында Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, мұсылман елдерінде ағза донорлығы жақсы жолға қойылған.

«Десе де, біздің елдің мәдени ерекшеліктеріне сай, донорлықтың аздығына қатысты проблема бар. Дәрігерлер трансплантацияны жүргізуге қорқады. Өйткені, туған-туыстары бұған қарсы. Тіпті дәрігерлерді сотпен қудалау жағдайы да тіркелген. Заң бойынша, тірі кезінде адам ағзасын донорлыққа беруден бас тартпаса, көптеген елдердегі тәжірибеге сай оның донорлыққа келісім бергенін білдіреді. Десе де, халық ішінде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін ұғып отырмыз», - деді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, ДСМ халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша конкурс өткізуден бас тартқан.

«Өйткені, бұл конкурсқа ешкім қатысқысы келмейді. Сол себепті, біз үкіметтік емес ұйымдармен бірге жұмыс жүргізудеміз», - деді Елжан Біртанов.

Соңғы жаңалықтар