«Барлығына қарсы» бағаны сайлау процесінің ашықтығына ықпал етті - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Әділет министрлігі заңнама департаменті директорының орынбасары Алма Мұқанова аудандық деңгейдегі әкім сайлауын өткізу туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

25 шілдеден бастап, Қазақстанда аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтер әкімдерін тікелей сайлау өтті. Жаңа ереже бойынша қазақстандықтар тікелей дауыс беру арқылы өз елдімекенінің әкімін сайлай алады.

«Талаптарға сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімі қызметіне жоғары білімі бар және осы елдімекеннің аумағында тұратын 25 жастан асқан ҚР азаматтары үміткер бола алады. Сондай-ақ олардың белсенді сайлау құқығы болуы керек және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Заңдағы барлық талаптарға сай болуға тиіс», - деп атап өтті сарапшы.

Кандидаттарды саяси партиялар өз мүшелерінің арасынан немесе екіден кем кандидат ұсынылса, одан жоғары тұрған әкім ұсынады. Сонымен бірге, үміткерлер әкім лауазымына өзін-өзі ұсына алады. Негізгі шарт – сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1%-ының қолын жинау.

«Орталық сайлау комиссиясының ресми деректері бойынша, «Nur Otan», «Ауыл», «Ақ Жол», «АDAL», «ҚХП» партияларынан тікелей сайлауға 878 кандидат ұсынылған. Бұл ретте партияларда да шектеу болады – олар әр округте бір кандидатты ғана ұсына алады. Сайлау қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясынан басқа «Ауыл», «Ақ Жол», «АDAL» партияларынан да кандидаттар сайланған», - дейді А. Мұқанова.

Оның айтуынша, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегін 7%-дан 5%- ға дейін төмендету және саяси партиялардың жандануы партияларға мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіне өз тізімдерін ұсынуда оң серпін бере алады.

«Сайлаудың тағы бір ерекшелігі – сайлау бюллетендерінде «барлығына қарсы» бағанының енгізілуі болды. Әкімдерді тікелей сайлауды талдау да «барлығына қарсы» бағанын қосу туралы түзетулер сайлаушылардың құқықтарын кеңейткенін және сайлау процесінің ашықтығына ықпал еткенін көрсетеді. Мысалы, ақпарат көздеріне сәйкес (kazpravda.kz, regtv.kz, kt.kz), Қарағанды облысы бойынша «барлығына қарсы» бағаны Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде (116) ең көп белгіленген – бұл дауыс бергендердің 7 пайызы», - дейді А. Мұқанова.


Соңғы жаңалықтар