«Барлауда домбырасын қалдырған батырлар қайда екен?» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда мамырдың 6-сы, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевті қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. С.Мұқашев Президентті республикалық қоғамдық ұйымның ағымдағы жұмысы, Қазақстандағы жаңа еңбек қатынастарының орнығу үдерісі, биылғы жылы жазға жоспарланған Кәсіподақтар Федерациясының кезекті съезіне және есеп беру-сайлау жиналысына дайындық жасау барысы туралы хабардар еткен.

Ал осы жайтқа тоқталған «Казахстанская правда» басылымының жазуынша, әңгімелесу барысында ағымдағы жылы ҚКФ-ның құрылғанына 20 жыл толатыны атап өтілді. Осы уақыт аралығында кәсіподақтарға мемлекет және Президент тарапынан қолдау көрсетіліп келді. Мысалы, 2008 жылы Жезқазғанда өткен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық Форумда Мемлекет басшысы «Ұжымдық шарт жасасыңыздар!» атты жалпыреспубликалық акция туралы бастама көтерді. Осының арқасында 2009 жылы мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасында 8 мыңнан астам меморандумға қол қойылды. Соның нәтижесінде жұмыс орындарын қысқартуға және жұмысшылардың еңбекақыларын азайтуға жол берілген жоқ.

Сондай-ақ Елбасы кеше Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменовті де қабылдаған. «Әңгімелесу барысында Қазақстан мен ЮНЕСКО ынтымақтастығын дамыту мәселелері, сондай-ақ биылғы жылы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит жұмысының қорытындылары талқыланды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған жарияланымдар барлық мерзімді басылымдарда жарық көруде. «Егемен Қазақстан» газетінің бейсенбілік нөмірінде де сол бір сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін бірқатар мақалалар топтамасы беріліпті.

«Мемлекет басшысының өкілеттігі нақты регламенттелуі тиіс». «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде осы тақырыппен жарық көрген мақалада Парламент депутаттарының ҚР Тұңғыш Президентінің - Елбасының мәртебесін конституциялық заң деңгейінде бекіту қажет деп есептейтіндігі жайында жазылған. «Парламентшілердің айтуынша, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының айрықша тарихи миссиясына байланысты оның конституциялық өкілеттігін нақты регламенттеу қажет, сондай-ақ оның қызметін қамтамасыз етудің кепілдігін қарастыру керек», деп жазады басылым.

***

Кезінде отандық «31 телеарна» Ресейдің ортанқол телеарналарының бірі - «СТС-Медиа» холдингіне 20 пайыздық үлес акцияларымен сатылып жатқанда, қоғмда үлкен дау-дамай туындаған еді. Енді дәл осы телеарна ішінде тағы да ши шығып отыр. «Айқын» газетінің «СТС» холдингі Қазақстанда жүріп, Ресейдің заңымен өмір сүре ме?» деген тақырыппен берілген мақаласында сәрсенбі күні аталған арнаның 14 журналисі өз еркімен жұмыстан кеткендігі жайында жазылған. Олардың бұндай шешімге баруына телеарнадағы кезекті қазақша хабарлардың жабылуы түрткі болған. Мақаланың толық нұсқасын басылымның бүгінгін нөмірінен егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

***

«Кеше елордамызға Рейхстагтың төбесіне жерлесіміз Рахымжан Қошқарбаев тіккен Жеңіс туының көшірмесі жеткізілді. Ұлы Жеңістің айтулы мерейтойы қарсаңында елге жеткен жәдігердің тұсаукесер шарасы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде өтті», деп жазады «Нұр Астана» газеті. Аталған шараға білім ордасының ғалымдары мен студенттері, ауған соғысының ардагерлері және Р.Қошқарбаевтың немере қарындасы Рымжан Мұсабекқызы қатысқан. Ту таныстырылған соң, Тұңғыш Президент мұражайына жөнелтілген.

***

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу елордада айрықша салтанатпен аталып өтілмек. Астана қаласының әкімдігі мамырдың 9-ында Тәуелсіздік алаңындағы «Қазақ елі» монументінен бастап «Отан қорғаушылар» ескерткішіне дейін азаматтық шеру өткізбек. Осы жайында кеңінен тарқата жазған «Астана ақшамы» газетінің хабарлауынша, мерекелік шеру таңертеңгі сағат 9,00-де басталады. Ал жеңіс мерекесінің шырайын айшықтайтын шараның тағы бірі сол күні сағат 22,00-де басталатын отшашу болмақ. «Осы ретте Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков Астана қаласында мамырдың 7-і күні Отан қорғаушылар күніне орай 18 артиллериялық дүмпумен, ал Жеңіс күні 25 артиллериялық дүмпумен отшашу беру жөніндегі бұйрығын да шығарып қойды», деп жазады басылым.

***

«Отбасы ажырасқан кезде баланы тек анасына қалдыру дұрыс па?». «Алаш айнасының» «Ой-көкпар» айдарының осы сауалына жауап берген Алматы қалалық балалар құқықтарын қорғау департаментінің директоры Сұлушаш Қуатжанова «Ананың аты - ана. әсіресе бала үшін ананың орны бөлек. Сондықтан кәмелет жасына толмаған балалардың қалай болғанда да анасымен бірге болғаны дұрыс», десе бұл пікірге Алматы қалалық ІІД Кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша инспекцияның бастығы, полция полковнигі Айгүл Шөпшекбаева «Ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде баланы әкесіне қалдыру керек», деген пікірін алға тартады.

«Бүгінде 80-нің жуан ортасынан асқан Өміртай Ахмадиев - қаһарлы күндерде соғысқа барлаушы ретінде қатысқан ардагер. Ол 1942 жылы ақпан айында 19 жасында соғысқа түсті. Майдан алдында бес айдай Забайкалье әскери округінде болып, арнайы оқу-жаттығу курстарынан өткен Өмекеңнің тобы Орынборда 59-полк құрамында тағы да жарты айдай болып, соғыс тәртібіне бейімделеді. Орынбордан 10 шақырым жерде орналасқан бұл полкқа тек соғыстың алғы шебіне баратындарды оқытып, дайындау жүктелген болатын. Ақсақалдың майдан жайлы естеліктері қызық. Бірде барлау операциясына аттанарда оның төңірегін ән-күйге бөлеп, туған елге деген сағынышын термемен басып, жауынгерлерге рухани күш-қайрат беріп жүретін жолдасы домбырасын қайда тастарын білмейді. Ал домбыра - қазақтың жаны. Тастап кету қиын, бірақ алып жүруге тағы болмайды. Барлаушылар жау тылында домбыра ұстап жүрудің мүмкін емесін аңдаған соң, оны ормандағы қарағай ағашының басына іліп тастап кетуге бекінеді. Кейін қайтып оралып, домбыраны алуға ұйғарғанымен, қанды майдан оған еш мұрша бермеген...», деп жазады «Алаш айнасы» Жеңістің 65 жылдығына орай жарияланған «Барлауда домбырасын қалдырған батырлар қайда екен?» атты мақаласында. Мақаланың толық нұсқасын басылымның бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.

«Жасы 90-ға таяған ақтөбелік Ахметбек Нұрманов ақсақалға тағдыр тарихтың бұралаңдары мен әр саяси кезеңдегі әділетсіздікті бастан кешуді жазыпты. Сұрапыл соғыс тұтқиылдан лап еткенде бұғанасы қатпаған жас жауынгер фашистердің екпініне алғаш болып қарсы тұрғандардың бірі еді. Кейін тұтқынға түсіп қалғанда, адам төзгісіз азап, аштық пен суыққа шыдай жүріп, қасиетті Отаны - Кеңес Одағы үшін соғысуды ойлады. Алайда сол кездегі саяси режім тұтқында болған майдангерден теріс айналды», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның жазуынша, оны «халық жауының» тұқымы екенін, Түркістан легионында болғанын бетіне басып, қатаң жазалаған. Тіпті сотталғандығы алынып тасталса да, кеңестік режім әлдеқашан келмеске кетсе де, егемендік алып, Мұстафа Шоқайдың өмірі мен ол құрған Түркістан легионына деген көзқарас өзгерсе де, Ахметбек ақсақал әлі күнге дейін соғысқа қатысушы деп саналмай келеді. Өмірінің азы қалған майдангер мемлекеттен жеңілдік талап етпейді, тек «Отанын сатқан» деген негізсіз жаладан арылып, соғыс ардагері ретінде мойындалуды ғана қалайды.

Соңғы жаңалықтар