Бәрімен тең дәрежеде жұмыс істейміз – жедел уәкіл Жанар Байғазина

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Жанар Байғазина ішкі істер органдарында ширек ғасырға жуық еңбек етіп келеді. Өз ісінің майталманы осы уақытқа дейін жүзден аса түрлі марапатқа ие болған. Нағыз ерге лайық істі меңгергенімен, әйелдік болмысын жоғалтпаған полиция подполковнигінен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі сұқбат алды.

- Жанар Бақытжанқызы, оқырманға өзіңізді таныстырып кетсеңіз.

- Солтүстік Қазақстан облысында туып, өстім. Мектептен кейін Алматыдағы педагогикалық институтта оқыдым, бірінші мамандығым – тарих-библиограф. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін, аздаған уақыт алған кәсібім бойынша еңбек еттім. Бірақ, ол жұмысқа менің көңілім жатпайтынын түсініп, ішкі істер органдарына жұмысқа келдім. Келген кезде ақпарат орталығына қызметке алды. Ал 2002 жылы Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасына жедел уәкіл болып ауыстым. Қазір біздің басқарма Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы деп аталады. Бүгінде ішкі істер органдарында жұмыс істеп жүргеніме – 23 жыл. Оның ішінде осы басқармада аға жедел уәкіл болып жүргеніме 18 жыл толыпты.


- Әйел-полицей – ол қандай адам?

- Қандай адам дейсіз бе? Ең алдымен әйел – қашанда, қандай жағдайда болмасын әйел болып қалады, ол полицей болсын, басқа қандай кәсіпте жұмыс істемесін. Ия, менің мамандығым әйелдерге лайық емес, нағыз ер адамдар жұмыс істейтін мамандық. Айтарлықтай қиын жұмыс. Бірақ соған қарамастан, мен әйел, ана екенімді ұмытпаймын. Жұмыстан қолым босап жатса, оны толығымен отбасыма арнаймын. Тәтті тағамдар пісіріп, бір сәт оларды қуантқым келеді. Уақытым болып жатса таңертеңгілік ас әзірлеп, отбасымды еркелетемін. Жыл сайынғы еңбек демалысымды да дәстүр бойынша отбасыммен өткіземін.

Ал жұмыста әріптес ер адамдар бізге әрине жеңілдіктер жасайды, жағдайымызға қарауға тырысады. Бірақ, негізінен олармен тең дәрежеде жұмыс істейміз. Полиция қызметкері әйел, ер адам болып бөлінбейді. Біздің қызметтік міндеттеріміз бар, соны орындаймыз. Жедел-іздестіру іс-шараларына қатысамыз, алдын алу жұмыстарын жүргіземіз.


- Сіздің жұмысыңыз есірткі қылмысымен байланысты. Бұл індетпен күреске 18 жылыңызды арнапсыз...

- Жалпы, біздің басқарманың жұмысы өте қызықты. Көпшілік тар бағытта ғана жұмыс істейді деп ойлайды. Мысалы, біздің қызметкерлер кім есірткі сатады соны анықтап, ұстайды және айып тағады. Нәтижесінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп ойлайды. Бірақ, бұл – жаңсақ пікір.

Есірткі қылмысымен күресу үшін біз заман ағымынан қалмауымыз керек. Химия ғылымы – жас ғылымдардың бірі, үнемі даму үстінде. Сол себепті есірткі нарығында да өте көп психобелсенді синтетикалық заттар пайда болып жатыр. Әлемде бір айда алты түрлі жаңа есірткі мен оның түрлері нарыққа шығады екен. Сол себепті бір орында отырып, осыдан 5-10 жыл бұрынғы нормаларды қолдану мүмкін емес. Біз үнемі кәсіби біліктілігімізді арттырып, тәжірибе жинақтап тұруымыз қажет. Онсыз есірткі бизнесімен күресу мүмкін емес. Жаңадан шыққан синтетикалық есірткілердің, психобелсенді препараттардың, есірткілердің құрылымын зерттеп, танысамыз. Олардың таралу жолдары мен жасалу тәсілдерін, сақтау орындарын – бәрін білуіміз керек.

Қазір цифрлық технологиялардың, нанотехнологиялардың заманы. Бүгінде интернет есірткі өткізудің алаңына айналған. Бұл жасырын емес, өкінішке орай жастарға қауіп төнген. Сол себепті менің негізгі жұмысым наркоманияның алдын алу. Бұл – басқармадағы басымдық берілген бағыттардың бірі. Түрлі кең көлемді іс-шаралар, спорттық жарыстарды өткізумен қатар, қосымша түрлі кездесулер, әңгімелесулер, конкурстар ұйымдастырамыз, дәрістер оқимыз.

«Соль и спайсы. Дороги в никуда» атты деректі фильм түсірдік. СҚО тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан бұл мәселе бізде өткір тұр. Синтетикалық есірткілер еліміз бойынша біздің өңірде бірінші пайда болды. Бұл жайында министрлікке бірнеше рет жазылды, айтылды. Заңға өзгерту енгізу мәселесі көтерілді. Өйткені, синтетикалық есірткі жастар арасында тарап барады, оны сатып алып қолданып жатыр. Біз алғашқылардың бірі болып бұл мәселені көтеріп, соны осы фильмде де көрсеттік. Барлық кездесулерде оны жастарға көрсетіп жүрміз. Ол ең алдымен ата-аналарға көмекші құрал. Спайстың, синтетикалық есірткінің не екенін білулері керек.


2019 жыл – Есірткімен күрес жылы болып белгіленді. Алдын алу жұмыстарын жүргізуде қытайлық үлгіні негізге алдық. Мен тәжірибе алу мақсатында Қытайға барып, оқып келдім.

Бір қызығы қытайлықтар өз денсаулықтарына, жастардың денсаулығына аса мән береді. Оларда есірткі профилактикасы бірінші орында тұр. Бұған өте көп қаражат жұмсайды. Үлкен бағдарламалары бар. Ол бағдарламалары өз нәтижесін беріп те жатыр. Ауруды емдегеннен, алдын алғанның дұрыстығын бәріміз білеміз. Сол себепті біздің бастамамызбен ведомствоаралық бағдарлама әзірленіп, оны облыс әкімі бекітті. Соның аясында көптеген іс-шара өтті, бұл жұмыстарға спорт жұлдыздарын қатыстырдық.

Биыл Волонтерлер жылына орай өз жұмысымызға волонтерлерді де тартамыз. «Қамқор» волонтерлік клубымен жақсы байланыс орнаған. Олар қабырғаларға жазылған есірткі хабарландыруларды бояуға көмектеседі. «Street art есірткіге қарсы» атты акция ұйымдастырдық. Жазбаларды жай ғана бояп қоймай, оларды әртүрлі әдемі суреттерге айналдырамыз. Жас суретші Стас Алерттің көп көмегі тиді. Бұл бастаманы бізден кейін басқа өңірлер қолдап әкетті.

- Сіз үшін бұл қызметтегі ең қиыны не?

- Жедел уәкіл мамандығы – қатаңдықты талап ететін, ер адамға лайық жұмыс. Қазір мен бұл жұмыссыз өз өмірімді елестете алмаймын. Оны толық меңгеріп алдым. Маған іс-шараларды ұйымдастырып-өткізу қиын емес. Мен одан керісінше рақаттанамын. Маған жедел-іздестіру жұмыстарына шығу, қылмыскерді ұстау, тінту жүргізу де қиын емес. Менің жұмысымдағы ең қиыны... біздің қызметтік міндеттерімізде «есірткіге тәуелді жандарды ем алуға ынталандыру» деген пункт бар. Осындағы ынталандыру жұмысы да мен үшін қиын емес. Бірақ, нашақормен тіл табысу, тәуелді жандармен келісімге келу оңай емес. Олар есірткі қолданған алғашқы бір-екі, тіпті, бес-алты жылдан кейін де өздерінің тәуелді болғандарына сенбейді. Мұндай адамдар «біз өзіміз-ақ қажет болғанда қоямыз, бізге медициналық көмек керек емес» деп айтады. Сол себепті емделуге бармайды, есепке тұрмайды, қашып жүреді.

Менің жұмысымдағы ең қиыны – нашақорлардың туыстарының солғын тартқан жүздеріне, сөнген көздеріне қарау. Тәуелді жастардың қиналып кеткен ата-аналарының көздеріне қарау – мен үшін ең ауыры. Олардың балаларының тәуір болып, қатарға қосылуы үшін қолдан келгенше тырысуы, барын беруі, жүгіруі – жүректі ауыртады. Бірақ, өкінішке орай, көп жағдайда мұның бәрі бос әурешілік болып жатады. Айналып келгенде бәрі қайтадан басталады: есірткі, көз жасы, қайғы-қасірет. Бұл – менің жұмысымдағы ең қорқынышты сәттер. Мәпелеп өсірген, болашағынан үміт күттірген балаларының құрдымға кеткенін көрген әке-шешенің күйінішін көру – өте ауыр /күрсінеді/. Бұл дертті емдеп-жазу оңай емес. Ремиссиядағы адамдардың проценті өкінішке орай өте төмен.


- Бұл салаға келгеніңізге өкінген кездер болды ма?

- Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Әрине, бірден жақсы көріп кеттім деп айтпаймын. Өйткені, қолымнан келмей, қажыған кездерім болды. Қиын мамандықты таңдағаным үшін өзіме іштей ұрысқан кездерім болды. Менде жеке, өзіме бөлетін уақытым іс жүзінде болмайды. Отбасыма қарауға уақытым жетпей жатады. Соған қарамастан, уақыт өте келе мен дұрыс таңдау жасағанымды түсіндім.

Бұл мамандықты таңдағаныма қазіргі уақытта еш өкінбеймін. Өйткені зейнет демалысына шығуыма да аз ғана уақыт қалды. Осы қызметімнен зейнетке шыққым келеді, ол үшін жауапкершілікпен жұмыс істеймін. Ал зейнет демалысына шыққаннан кейін мен қол қусырып қарап отырмай, тек қана әйелдерге лайықты іспен айналысамын. Өйткені ширек ғасырды осы ерлердің жұмысына арнаған екенмін.


- Жалпы, өмірлік ұстанымыңыз қандай?

- Менің өмірлік ұстанымым – қандай жағдайдан болмасын, соның ішінде аса жағымсыз болса да оң жақтарын табуға тырысамын. Әр істен позитив іздеймін. Өмірімде оптимистпін. Содан айырылмауға тырысамын.

- Әйелдер неге ішкі істер органдарына жұмыс істеуге барады?

- Қазіргі кезде әйелдер қай салада болмасын табысты еңбек етіп жүр. Кейде бұған дейін «ерлерге ғана лайық» деген жұмысты әйел адамның анағұрлым жоғары деңгейде атқарғанын көріп жүрміз. Ия, қазіргі уақытта көп нәрсені ерлерден алдық, тіпті киім-кешегінен де. Мысалы костюм-шалбарды. Бүгін көлік жүргізген әйел ешкімді таң қалдырмайды. Ішкі істер органдарына да әйелдер жұмысқа орналасып, асқан жауапкершілікпен істерін табысты атқарып жүр. Менің әріптестерімнің арасында полковник әйелдер көп. Олар білімді, білікті мамандар. Осындай әріптестерімді көру, олармен бірге жұмыс істеу, араласу, олардан бір нәрсе үйрену - жанға жайлылық сыйлайды.

Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, әйелдер қауымын көктемнің осы шуақты мерекесімен құттықтағым келеді. Біздің қыз-келіншектерге тілерім, мен бұған дейін айттым, әйелдеріміз қай салада болмасын табысты еңбек етіп жатыр, олар қандай жағдайда болмасын әйел қалпында қалса екен. Жылулық, мейірімділік, нәзіктік тілеймін! Денсаулықтары мықты болсын және де табысты болсын!

- Сұқбатыңызға рахмет! Армандарыңыздың орындалуына тілектеспіз!


Соңғы жаңалықтар