Бәрі қажеттілікке байланысты – Архимед Мұхамбетов Қостанайда қазақ мектебін көбейту туралы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірде мемлекеттік тілде сабақ беретін мектептердің саны артып келе жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БАҚ беттерінде «Қостанайда жалғыз қазақ мектебі жабылғалы жатыр» деген ақпараттың шыққаны рас. Ол мәліметтің шындыққа жанаспайтынын жарияладық. Аталған 24-ші мектеп-гимназия өз қалпында, жабылған жоқ. Қазіргі таңда облыста 498 мектеп бар. Соның 120-сы мемлекеттік тілде сабақ берсе, 118 мектеп - аралас, қалғаны - орыс тілді мектептер. Мемлекеттік тілде сабақ беретін мектептердің санын көбейтіп жатырмыз. Мысалы, 1 қыркүйекте «Әуежай» шағын ауданында 900 орындық жаңа мектеп аштық. Бұрынғы колледждің ғимаратында да 900 орындық мектеп-гимназия жұмысын бастады. Қазір Аманқарағай ауылында жаңа мектеп салынып жатыр. Ол да тек мемлекеттік тілдегі мектеп болмақ. Қарасу аудан орталығында да мектеп ашылады. Бұл бағытта, әлбетте, жұмыс жүргіземіз. Бірақ, бәрі қажеттілікке байланысты», - деді Архимед Мұхамбетов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Аймақ басшысы мәселе мектеп салумен шектелмейтінін, қажетті кадрлар керектігін де атап өтті.

Айта кетсек, осы жылдың жазында әлеуметтік желілер мен ақпараттық басылымдарда Қостанайдағы жалғыз қазақ мектебі жабылғалы жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда, облыс әкімдігі мұны жоққа шығарып, қалада 6 қазақ мектебі барын жария еткен.

Соңғы жаңалықтар