«Барби үйінің» қазақша баламасы көпшілікке ұсынылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Достық үйінде жас стартаперлер инвесторлар мен сарапшыларға өз инновациялық жобаларын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Future-форум «Жаңа толқын 100+» - бұрын-соңды Қазақстанда болмаған  форматтағы стартап алаңы. Мұнда бір уақытта жас стартаперлер ақпараттық технология, әлеуметтік сала, қайырымдылық салаларындағы өз жобаларын инвесторлармен бөлісіп, талқылауға мүмкіндік алады.

Жобалардың барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында этномәдени бірлестіктермен біріге отырып жасалады.

«Мұнда өңірлерден 300-ге жуық идеядан 100 шақты өтінім түсті. Олардың  50-і іріктеліп алынды. 30 жоба өңірлерден болса, қалған 20-25 жоба - Алматы облысына тиесілі. Оның ішінен 13 мықты жоба инвесторлар назарына ұсынылды», - деді «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік штабының жетекшісі Ислам Кураев.

Олардың арасында эксклюзивті идеялар да бар.

«Мәселен, этноконструкторды алайық. Мұндағы мақсат - 3-12 жас аралығындағы балалар арасында  ұлттық дәстүрлерді насихаттау. Мынау - «Барби үйінің» қазақша баламасы. Бұйымдар пластиктен емес, таза экологиялық шикізаттан жасалады. Жоба жетекшісі Айдар Бексұлтановтың айтуынша, осындай этноконструктор шығаратын 3 мыңға жуық конструктор  Қытай, Ресейде көп. Қазақстанда бір өндіруші жоқ. Сондықтан оларға қолдау керек. Ұлттық бірегейлікті сақтауға, патриотизмге тәрбиелеуге ықпал ететін жоба аса көп ақшаны талап етпейді», - дейді Ислам Кураев.

Ал Астанадағы №3 перинаталдық орталықтың медқызметкері Рузи Шихов қан донорлығының тапшылығын жою мақсатында арнайы сайт пен «Donormyn» мобильді қосымшасын жасауды ұсынды.

Рудный мен Қарағанды қаласының өкілдері өз қалаларында электронды ПИК пен коворкинг орталықтар ашқысы келеді.

«Жобалардың барлығы алдын-ала инвесторларға жіберілді. Олар көп жобаға қызығушылық білдірді. Атап айтқанда, бүгінгі жиынға ірі бизнес өкілдері қатысты. Инвесторлардың кейбірі бір немесе бірнеше жобаға қолдау білдірмек. Ал кәсіби мамандар жобаны жетілдіру бойынша сарапшылық бағасын берді»,- деді Ислам Кураев.

Болашақта мұндай форум жыл сайын өткізілмек.

Соңғы жаңалықтар