«Baqytty bala» вокалдық фестиваліне әлемнің 9 елінен жас дарындар қатысады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Әлемнің 9 елінен жас таланттар Ақтөбе қаласында өтетін «Baqytty bala» балалар вокалдық фестиваліне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат байқау ұйымдастырушыларына сілтеме жасап.

10-14 шілде аралығында Ақтөбе қаласында «Baqytty bala» ІІ ашық балалар вокалдық фестиваль конкурсы өтеді. Бұл халықаралық шара әлемнің 9 елінен келген жас дарынды балаларға вокалдық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік сыйлайды. Осылайша іріктеу турының географиясы айтарлықтай кеңейе түсті.

Байқауда қазылар алқасының оң бағасын алған Топ-20 үміткер қонақтардың алдына шығып, тағы да өнерлерін сарапқа салады. Олар Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына арналған кең ауқымды бәсекенің жүлделі орындар үшін күресетін болады.

«Бізге Ержан Максим мен Наргиз Жанұзақ секілді осындай вокальдық эстраданың жас жұлдыздарын сыйлаған «Baqytty bala» фестивалінің бірінші маусымының тартымдылығы жұртшылықтың назарын аударып қана қойған жоқ, сонымен бірге оқиғаның ауқымын да, шақырылған қонақтардың деңгейін де көрсетті. Бұл іс-шараның мәртебесін арттырғаны сөзсіз. Ал алдағы конкурста қазылар алқасының мүшелері болып шетелдік белгілі орындаушылар мен шоу индустриясының құрметті де кәсіпқой мамандары таңдап алынды. Олардың қатарында «X-фактор» жобасына қатысып, бірінші кастингінің бейнетаспасы YouTube хостингінің кеңістігінде вирустық туындыға айналып, қазақстандық көрерменнің де есінде қалған Украинаның танымал әншісі Аида Николайчук бар. Тәуелсіз өкіл ретінде әйгілі «Голос» тележобасының жұлдызы, грузин орындаушысы Нини Цнобиладзе шақырылды. Сондай-ақ сараптамалық командаға Валерий Леонтьев, Николай Басков, Филипп Киркоров және түрік хоры сияқты топ жұлдыздармен жұмыс істейтін Ресейдің өкілі, композитор Евгений Евзеров кірді» делінген хабарламада.

Қазылар алқасының құрамына елімізден Димаш Құдайбергеннің саунд-продюсері және музыка көркемдеуші Ерлан Бекчурин, танымал композитор әрі орындаушы Ұлықпан Жолдас және Димаштың ұстазы, оның бірегей талантын әлемге танытқан, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Марат Әйтімов шақырылды.

Әлемнің 9 елінен (Украина, Ресей, Белорусь, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Греция, Канада, Молдова) келген өнерпаздардан 500-ден астам өтінім қабылдаған фестивальдің ақтық сынына іріктеу турында географиялық жағынан өзгерістер пайда болды. Қорытындыға сәйкес, конкурсқа 8 елден келген 20 үміткер өтеді.

«Baqytty bala» фестивалінің режиссері Анна Обоянская конкурстық өтінімдер сапасының әдеттегіден жақсарғанын және орындаушылардың вокалдық деңгейінің өскенін айтады. Олардың арасында халықаралық деңгейде өзін көрсетіп үлгерген жеткіншектер де бар екен. Алайда, Аннаның сөзіне қарағанда, іріктеу кезінің негізгі талаптарына сай қатысушылар ерекше вокалдық және әртістік қабілетін көрсетуі тиіс және бұл талап әрдайым сақталып қала бермек. Сондықтан кәсіби орындаушылармен бірге топ-20-ға әлемге әлі танылмаған, бірақ даусы керемет вокалдық әлеуетке ие шалғай өңірлерден келген дарындар да таңдалған.

Анна Обоянскаяның өзіне келсек, ол Украинадан арнайы шақырылған. Оның жинағында Италия, Испания, Түркия және Грецияда өткен халықаралық ауқымдағы жобалар, сондай-ақ «Bastau» атты Димаштың сольдық концерті бар.

null

Айта кетерлігі, былтыр ақтөбелік 4 бала таңдаулы 20 дарынның қатарына еніп, олардың біреуі 1, 2, 3-дәрежелі, қалған үшеуі Гран при жүлдегері атанған болатын. Бұл, өз кезегінде Ақтөбе әкімдігінің Қазақстан эстрадасының жарқын жұлдыздарын табатын және өсіретін таланттар фабрикасы атағына лайық екендігін дәлелдесе, екіншіден іс-шараны жоғарғы деңгейде және жан-жақты ұйымдастыруға серпін берді. Осындай қолдаудың арқасында, трансфер, тамақтану және қауіпсіздік шараларын қоса алғанда, конкурс қонақтары мен қатысушыларының ыңғайлылығы үшін барлық қажетті жағдайлар көзделген.

«Ақтық концерттің билеттерін сатудан түскен қаражаттың бәрі қалалық мәдениет үйі балалар ұжымының материалдық-техникалық базасын жаңартуға жұмсалады», - деп түсіндірді Ақтөбе әкімінің орынбасары Айгүл Аманқазықызы.

Айта кетейік, «Baqytty bala» фестивалі Димаш Құдайбергеннің және оның «ДимашАли» продюсерлік орталығының жетекшілік етуімен ұйымдастырылып отыр. Әлем тыңдармандарының жұлдызы әрі еркесі қатысушылардың сапасы мен жоғары кәсібилігінің кепілі ретінде конкурстың барлық кезеңіне жеке өзі қатысуда.

Соңғы жаңалықтар