Банктердің тұрақты қорландыру коэффициентін қатаңдату келесі жылға қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына жолдаған жауабында банктердің тұрақты қорландыру коэффициентін қатаңдату шарасы келесі жылға шегерілгенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 1 қаңтарға дейін заңды тұлғалардың депозиттерін мерзімінен бұрын алу мүмкіндігімен қолжетімді тұрақты қорландыру есебіне қосу арқылы нетто тұрақты қорландыру коэффициентін (NSFR) одан әрі қатаңдату мерзімі ауыстырылды» делінген Үкімет басшысының жауабында.

Оның айтуынша, геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты тәуекелдерді сездірмеу және олардың банктердің пруденциялық нормативтерді орындауына ықпалын әлсірету үшін Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп басқа да нақты шаралар қабылдап жатыр.

«2022 жылғы 1 маусымға дейін банктер пруденциялық нормативтер талаптарын өздеріне тәуелсіз мән-жайлар (клиенттердің ақша қаражатының кетуі, теңгенің айырбас бағамының өзгеруіне, міндеттемелердің валюталық құрылымының өзгеруіне байланысты активтер мен міндеттемелердің құнын қайта бағалау) салдарынан бұзған кезде оларды сақтаудың ерекше тәртібі енгізілді. 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін шетелдік бас банктердің өз қаражаты есебінен өздерінің Қазақстандағы еншілес құрылымдарының өтімділігін нығайту мүмкіндігіне қолдау көрсету мақсатында елдің бейрезиденттері алдындағы міндеттемелерге қатысты банктің капиталдандыру нормативін орындау кезінде еншілес банктердің міндеттемелерін есептеуде бас банктерден алынған депозиттер мен кредиттер сомасы алып тасталды», - дейді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің пайымынша, капитал мен жоғары өтімді активтер қоры Қазақстанда жұмыс істеп жатқан банктерге қаржы нарығындағы келеңсіздіктерді еңсеруге мүмкіндік береді.

«Банк жүйесінің ықтимал стрестік сценарийлер мен келеңсіздіктерге тұрақтылығы дәрежесін бағалау үшін тәуекелге бағдарланған қадағалау құралдарын кеңейту жұмысы жалғасып жатыр. Атап айтқанда, ықтимал келеңсіздіктердің пайда болуын бағалау үшін тұрақты AQR және қадағалау стресс-тестілеу жүйесі әзірленіп, енгізілді және тәжірибеде сыналды. Қазақстанның банк секторының меншікті капиталы - 4,6 трлн теңге. Екінші деңгейдегі банктердің шамамен 11,6 трлн теңгені немесе активтердің 31,3%-ын құрайтын өтімділігі жоғары активтер қоры бар», - деп жазылған жауапта.

Еске салсақ, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына жолдаған жауабында Ресейде қалып қойған тауарлар Еуропаға қалай шығарылатынын айтты.


Соңғы жаңалықтар