Банктер ауыл шаруашылығын несиелеуге келгенде өрт көргендей өре түрегеледі - Шөкеев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екінші деңгейлі банктердің агроөнеркәсіп кешенін несиелеудегі тәуекелдерін төмендету қажет. Мұндай пікірді бүгін Astana Agroforum-2018  республикалық кеңес барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығын кредиттеу үшін екінші деңгейлі банктердің тәуекелдерін төмендетуіміз қажет. Қазір кез келген банкирден «ауыл шаруашылығына несие бересіз бе?», деп сұрасаңыз, олар «ешқашан» дейді. Олар әсіресе Цеснабанктен кейін қорқады, өрт көргендей өре түрегеледі. Өйткені, бұған дейінгі оқиғалар оның қауіпті екенін көрсетті», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Оның айтуынша, еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі екінші деңгейлі банктерге  тәуекелдерді төмендету мақсатында үлкен холдингтерден арылды. Өйткені, несиенің басым бөлігін солар алып келді. Қазіргі уақытта барынша ұтқыр, түсінікті, құрылымданған орташа деңгейлі компанияларға басымдық беріледі.

«Осы орта деңгейлі компаниялар банктерге барынша  қауіпсіз болуы үшін жаңа тетіктер енгізіп жатырмыз. Мәселен, аграрлық қолхат. Қазіргі уақытта заң жобасы мәжілістің қарауында жатыр. Оның мәні мынада. Айталық, ферма немесе ауыл шаруашылығы компаниясы 1 мың гектар жерінен орта есеппен гектарына 10 центнер астық немесе 1 мың тонна бидай алады делік. Сонда ол аталған астық құнының 30-40 пайызын қағаз айналымға шығарып, кредит ала алады. Аталған қағаз екінші деңгейлі банктер үшін кепіл қызметін атқарады», - деді ол.

Айта кетейік, осы жылдың қыркүйек айында ҚР Үкіметі мен ҚР Ұлттық банкінің бірлескен мәлімдемесі жарияланды. 

Онда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді және бүкіл аграрлық секторды қолдауды көздейтін іс-шаралар пакеті ұсынылды. Осы жұмыстар аясында 2018 жылғы 19 қыркүйекте ҚР Үкіметі мен ҚР Ұлттық Банкі «Цеснабанк» АҚ-нан 450 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы несиелерінің портфелін сатып алу тетігін бекітті.

Соңғы жаңалықтар