Банктен кепілдік алған 4800 адам 2-3 айда көлігін алады – Қайырбек Өскенбаев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 4 пайыздық автонесиеге кепілдік алған 4800 адам 2-3 айдың ішінде көлігін алатынына сенімді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автосалонға барсақ көлік жоқ. Күтіңіздер дейді. Қанша десек, нақтысын айтпайды. Жылдап созылып кетуі мүмкін дегенді де естідік. Бұл проблеманы білесіздер ме?» деп сұрады министрден журналистер Үкімет отырысынан кейін.

Министрдің пайымынша, бір күнде 10 мың немесе 20 мың, 50 мың көлік шығару мүмкін емес.

«2-3 айдың ішінде несие алған адамдарға көлік жеткізуге зауыттардың мүмкіндігі бар», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ, ол БАҚ өкілдерінің елдегі автоөнеркәсіптің беталысы туралы сұрағына жауап берді.

«Сол сіз «түкке тұрмайтын зауыт» деп тұрған зауыттарды барып көрейікші. Бірге барайық. Сіздер ол зауыттарды көрген жоқсыздар. Ол жерде көлік шығарылып жатыр. Бүгінде 4800 адам банктерден кепілдік алып үлгерді, мәшине алуға рұқсаты бар. Ешқандай 10 жыл күтпейді. Ары кеткенде 2-3 айдың ішінде зауыт оларға көлік беруге міндетті», - деді министр.

Бұған дейін аталмыш жобаға жауапты органдар 4 пайыздық автонесие алудың нұсқаулығын жариялаған болатын.


Соңғы жаңалықтар