Банкроттыққа берген өтінішіңіз қабылданбаса не істеу керек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Банкрот мәртебесін алуға берілген өтініш қанағаттандырылмай, бас тартқан жағдайда оның себептерін жою үшін құзырлы мемлекеттік органдарға жүгінуге болады. Бұл жайында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдымен банк алдындағы қарызы, яғни несиені өтеу бойынша сол банкке, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлік агенттікке жүгінген жөн. Клиенттің атында жылжымайтын мүлік болған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталығы немесе электронды үкімет порталы арқылы әділет органдарына өтініш білдіре алады», – деді Ержан Біржанов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Оның мәлімдеуінше, банкроттықты рәсімдеу барысында автокөлік бойынша мәселе туындаса Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімшелеріне немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласу қажет.

«Банкрот мәртебесін тағайындауда жер учаскесінің болуы, төрт түлік малы және арнайы техникасы кедергі келтірсе, мәселені жергілікті әкімдік арқылы шешу мүмкіндігі бар. Ал клиенттің жеке кәсібі бары анықталса, мемлекеттік кірістер органына жүгінген абзал», - дейді министр орынбасары.

Еске салсақ, 3 наурызда елімізде банкроттыққа өтінім қабылдау басталды.

Ержан Біржанов келтірген статистикаға сәйкес, бүгінгі жағдай бойынша 34 мыңнан астам қазақстандық өзін банкрот деп жариялауға өтініш берген.

Сондай-ақ, брифинг барысында 7 мыңнан аса азаматтың банкроттыққа берген өтініші қанағаттандырылмағаны айтылды.

Одан бөлек, өзін банкрот деп жариялағандар 5 жыл бойы несие ала алмайды.


Соңғы жаңалықтар