Банкроттық туралы заң жобасы рейдерлікке жол ашады - Атамекен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы банкроттық және оңалту рәсімдерін жетілдіруге арналған заңнмалық өзгерістеді қолдап отырған жоқ. Себебі кейбір толықтырулар рейдерлікке жол ашуы әбден мүмкін, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Палатаның заңнама департаментінің директоры Лаура Мерсалимованың айтуынша, банкроттық және оңалту рәсімдерін жеңілдеткен дұрыс. Алайда кейбір өзгерістер онсыз да түсініксіз болып тұрған шараларды қиындатып жіберуі ықтимал.

«Борышкердің қауқарсыздығына қатысты жаңа анықтама енгізіліп отыр. Соның негізінде оны банкрот ретінде тану туралы сот шешімі шығарылады. Қазіргі кезде сот борышкердің кредитор алдындағы қарызын толығымен жаба ала ма, жоқ па, осыны зерделейді. Бұдан бөлек, жалақы, салық және тағы басқа міндетті төлемдер бойынша есеп-қисап жасалады. Ал жаңа нормаға сәйкес, борышкердің жалпы қарызы оның барлық активтерінен артық болса, сот өз шешімін шығара береді. Сонда қарыз активтен қаншаға артық болуы қажет? Заңда ол айырмашылықтың нақты көлемі көрсетілмеген. Демек, қарыздың сомасы активтен сәл-пәл басым болса, кәсіпорынды банкрот деп жариялауға бола ма? Ол дұрыс емес сияқты», - деді Л.Мерсалимова Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстелде.

Оның айтуынша, қазіргі заңнамада заң бұзушылықтың құрамы анық. Ал жаңа өзгерістердің салдарынан оның сипаты мүлдем түсініксіз болып кетеді. Сондай-ақ, қазіргі әкімшілік құқық бұзушылыққа жататын әрекеттерді қалмыстық жазаның санатына ауыстырған орынсыз.

«Біздіңше, жеңілдетілген ликвидацияның жаңа меxанизмі инвестициялық климатқа кері әсерін тигізуі мүмкін. Заңсыз әрекеттер, рейдерлікке жол берілуі ықтимал. Негізі, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында, керісінше, жеке меншік құқығын күшейту міндеті қойылған. Ал жеке меншікке кепілдік берілсе, рейдерлік болмайды», - деп атап көрсетті Л.Мерсалимова.

Айта кетейік, ҚР Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша елімізде 4000-ға жуық бизнес субьектісі банкроттық рәсімдерден өтіп жатыр. Ал 400 кәсіпорын оңалтуға өтініш білдірді.

Соңғы жаңалықтар