Банкротқа ұшыраған Silicon Valley банкін бәсекелесі сатып алды

None
Фото: Reuters
АСТАНА. ҚазАқпарат – Банкротқа ұшыраған америкалық Silicon Valley Bank (SVB) банкінің активтері мен несиелерін бәсекелес First Citizens BancShares банкі сатып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

SVB күйреуі наурыздың басында басқа да несие ұйымдарының тұрақтылығына қауіп төндірді. Салдарынан әлем бойынша банк акциялары айтарлықтай арзандады.

Дүйсенбі күнгі биржа саудасында банк секторының акциялары өсіп жатқанына қарамастан нарық әлі де алаңдап тұр.

Силикон алқабы стартаптарының ауқымды бөлігін несиелеген SVB бірнеше айдан бері қиын кезеңдерді бастан өткерді: дұрыс басқармау мен технологиялық сектордағы жалпы жағдай да оған әсер етті.

Банк есептік мөлшерлеме көтерілгеннен кейін бағасы өзгерген активтерін – үкіметтік құнды қағаздарды сатудан кейін болған шығынын жабуға 2,25 млрд доллар таба алмады.

Ал банктің толық күйреуіне bank run – клиенттердің қашуы себеп болды. Түрлі себептермен SVB клиенттері жаппай ақшаларын шығарып ала бастаған.

АҚШ депозиттерді сақтандыру Федералдық корпорациясы жариялаған SVB-ті жұту туралы келісімге сәйкес, SVB-тің бұрынғы 17 бөлімшесінің бәрі дүйсенбіден бастап First Citizens брендімен ашылады.

SVB клиенттеріне First Citizens Bank-тен шоты толықтай аударылды деген хабарлама келгенге дейін өз бөлімшесінің қызметін пайдалану ұсынылды.

Корпорация SVB банкроттығы өзінің сақтандыру қорына 20 млрд долларға шыққанын мәлімдеді.

SVB банкроттығынан кейін оның британдық бөлімшесін HSBC банкі символикалық бір фунтқа сатып алды.

Бұған дейін АҚШ-тың ірі банкі Silicon Valley-дің банкротқа ұшырағанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар