Банкрот жариялауға өтініш беруде қандай қателіктер жіберіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтардың банкрот мәртебесін алуға ниет білдіру барысында жиі кететін қателіктер аталды. Толығырақ Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті берешекпен және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Меруерт Сисембаева айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейбір азаматтар банкроттықа өтінішті үсті-үстіне жібереді Бір клиенттің 16 өтініш жіберген жағдайы тіркелген. Сол сияқты өтінішті бас тартылса да қайта жіберетін азаматтар бар. Өтініш қанағаттандырылмағаннан кейін араға үш ай уақыт салып барып қайта беруге болады. Тағы бір ұсыныс клиенттер өтініште кредит алған қаржы ұйымдары атауы мен алған нақты соманы көрсетсе», - деді Меруерт Сисембаева мемлекеттік кірістер комитетінің Instagram парақшасында өткен тікелей эфир барысында.

Оның айтуынша, соманы дұрыс көрсетпейтін клиенттер баршылық, нәтижесінде өтініш кері қайтарылады.

«БАҚ беттерінде бір клиенттің 1 800 теңге берешегі кешіріліп, өтініші қанағаттандырылып, банкрот атанды деген ақпарат шықты. Ол азаматты тауып, нақтылай келе, 1 млн 800 мың теңге берешегі бары анықталды. Ал кейбір азаматтар қаржы ұйымдары немесе ломбардтан алған қарыздарын көрсетпеген», - дейді ол.

Бұған дейін 50 мыңға жуық қазақстандық өзін банкрот деп жариялауға өтініш білдіргені туралы хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар