Банкрот мәртебесін алудың қандай заңды жолдары бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы министрлігі тұлғалардың банкрот ретінде рәсімдеу бойынша қаржылық көмек алудың заңды жолын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Клиенттерге олардың қатысуынсыз банк алдындағы қарызын жоюға уәде беретін хабарландырулар бар. Тіпті банкрот мәртебесін алып береміз деушілер де бар. Әрине, бұл дұрыс емес, шындыққа жанаспайды. Бөгде адамдар банкрот мәртебесін алуға кепілдік бере алмайды. Бұл жерде алаяқтықтың белгісі бар», – деді қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Сонымен қатар, вице-министр банкрот мәртебесін рәсімдеуде заңды тұлғаларға жүгінудің болатындығын айтты.

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң аясында қаржы басқарушылары қарастырылған. Олар банкроттық рәсіміне көмектесе алады, бұл заңмен реттелген. Сол сияқты заңда аталған қызметі үшін төменгі айлық жалақыға сәйкес төлем көзделген. Егер сіз қаржы басқарушысын жалдасаңыз, оған 70 мың теңге көлемінде төлейсіз, одан көп емес. Тағы бір жайт, егер клиент әлеуметтік осал топқа жататын болса, қаржы басқарушысының қызметін бюджет есебінен өтеуді қарастырдық. Бүгінде 170-ке жуық маман қаржы менеджері ретінде тіркелді. Банкроттық бойынша білікті көмек алу үшін соларға жүгінуге болады»,- дейді министр орынбасары.

Айта кетсек, бүгінгі жағдай бойынша 34 мыңнан астам қазақстандық өзін банкрот деп жариялауға өтініш берген.


Соңғы жаңалықтар