Банкрот болса, қарызы кешіріледі деген қате түсінік – министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың банкроттық жариялау процесін тағы бір түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң жобасын кейбір отандастарымыз дұрыс түсінбей жатқан секілді. Банкрот мәртебесін алса, қарызы кешіріледі деген түсінік бар. Ол қате түсінік. Бұған дейін банкрот болудың салдарын айтып кеттім. 5 жылға дейін несие, басқа да қарыз ала алмайды. Жеке тұлғаның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Сондықтан банкрот болудың салдарын ұмытпаған жөн. Өз кезегінде жаңа заңнаманы халыққа кеңінен түсіндіру жұмысын жалғастырамыз», - деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Сенатта өткен дөңгелек үстел барысында.

Сондай-ақ, вице-министр сот арқылы өзін банкрот деп жариялаудың немен аяқталатынын айтты.

«Соттың шешіміне сәйкес, банкрот болған борышкердің міндетін өтеу мерзімі өткен деп саналады. Кредиторлар борышкерден қарызын өтеуін талап ете алмайды. Борышкерге айыппұл салу және сыйақы есептеу автоматты түрде тоқтатылады. Әрине, банкрот болған борышкерге несие алу, кепіл қою және өздігінен мәміле жасауға тыйым салынады», - дейді ол.

Бұған дейін Ержан Біржанов елімізде несие және басқа да қарызын төлемей жүрген 7 млн борышкер барын айтты.


Соңғы жаңалықтар