Банк операторларына клиенттердің деректер базасы жабылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда келісім базасы жасалды. Енді соның арқасында Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен банктердің операторларына клиенттің жеке деректері смс-код арқылы растау жіберілгеннен кейін ғана қолжетімді болады. Бұл туралы ҚР ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақыт деректер дәуірі. Біздің деректерімізді алу үшін ХҚКО-ның немесе банктің операторы болу қажет. Және де оларда қол жеткізе алатын деректердің саны өте көп. Мұндай жаппай қолжетімділік болмауы үшін келісім базасын жасақтадық. Ол дегеніміз не? Бұрынырақта адам банкке келген кезде оған өмір бойы дербес деректерін өңдеуге келісім беру туралы кішкентай әріптермен жазылған қағазды тықпалайтын. Ешкім оны назар аударып оқыған да жоқ, қол қойып бере салатын. Құжат мұрағатқа кететін. Ендігі уақытта мұндай келісімдердің бәрін цифрлық түрде рәсімделетіндей және базамызға түсетіндей қылып жасадық», - деді министр Ақтөбе облысы жұртшылығымен кездесу барысында.

Оның атап өтуінше, бүгінде мұндай әдіс мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қолданылып жүр. Оператор клиентке қызмет көрсетпестен бұрын оның телефон нөмірін сұрайды және сол нөмірге смс-код келеді. Код енгізілгеннен кейін ғана оператор дербес деректермен жұмысын бастай алады.

«Бұл процесті күрделендіру үшін емес, біздің деректерімізді қорғау үшін жасалды», - деді Бағдат Мусин.


Соңғы жаңалықтар