Банк қызметкері ретінде хабарласқан – ақтөбелік 22 млн теңгесін алаяққа беріп қойды

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат –Банк қызметкері ретінде қоңырау шалған белгісіз адам ақтөбелік келіншектің 22 млн теңгесін өз шотына аударып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті тұрғындарды алаяқтар жөнінде ескерткенімен, көпшілік әлі күнге дейін қоңырау шалған бейтаныс адамдарға сенеді. Бұл жолы 60 жастағы ақтөбелік бар жиған-тергенінен айырылды.

«30 мамыр күні бейтаныс адам қоңырау шалып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырған. Ер адамға сеніп қалған ақтөбелік телефон нөміріне келген sms хабарламаны айтып, жинақ шотындағы 22 миллон теңгеден астам қаржысынан айырылды. Егер сізге банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері қоңырау шалып, өз шотыңызды қауіпсіздендіру қызметін ұсынса, сенбеңіз. Ешқандай операцияны растамаңыз. Банк пен төлем жүйелері ешқашан хабарлама жібермейді немесе клиенттерден шот деректерін беруді сұрамайды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, жыл басынан бері полицияға алаяққа алданғандардан 400 арыз түсті.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында интернет алаяқтарынан 1 млрд теңге шығын келгенін хабарлаған едік. Полицияның мәліметінше, аталған кезеңде 48 интернет-алаяқ ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мысалы, олардың бірі интернет желісінде 60-тан астам алаяқтық жасаған.


Соңғы жаңалықтар